Ресейде қазақ тілінде білім беретін үш мектеп салынады

Вице-премьер Омбы, Орынбор және Астрахань қалаларында мектеп салу жоспарларына қатысты пікір білдірді.

 ©BAQ.KZ архиві Бүгiн 2026, 11:56
Бүгiн 2026, 11:56
446
Фото: ©BAQ.KZ архиві

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанның Ресейде мектеп салу жоспарына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, «Қазақстан – Сириус» білім беру орталығы жобасымен қатар, екі елдің шекаралас өңірлерінде жаңа мектептер ашу мәселесі де қарастырылып жатыр.

Ресей тарапы Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарында үш мектеп салу туралы ұсыныс айтты. Соған сәйкес біз де Орынбор, Омбы және Астрахань қалаларында мектеп салу бастамасын көтердік, – деді Жұманғарин Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының кулуарында.

Вице-премьердің сөзінше, кей жобалар бойынша жұмыс басталып кеткен.

Орынбор бойынша, білуімше, жер телімдері келісілген. Астраханьда бұл мәселе әлі келісіліп жатыр. Барлығы дайын болған кезде құжаттардың бәріне бір уақытта қол қоямыз, – деді ол.

Журналистер бұл мектептер тек қазақ мектебі бола ма деген сауал қойған кезде, Жұманғарин оқу екі тілде жүргізілетінін айтты.

Барлық жерде аралас оқыту болады. Ол жақта да орыс-қазақ тілінде оқытады, мұнда да солай болады. Балалар әрі орыс тілін, әрі қазақ тілін оқиды, – деді министр.

Оның айтуынша, білім беру бағдарламалары мен әдістемелері екі ел арасында келісіліп жасалады.

Бағдарламалар да, әдістемелер де өзара келісіліп бекітіледі, – деді вице-премьер.

Министр қажетті келісімдерге қол қойылғаннан кейін мектеп құрылысы ұзаққа созылмайтынын да айтты.

Келісімге қол қойылған бойда мектеп құрылысын бастаймыз. Ең көбі бір жарым жылда салып бітіреміз, – деп түйіндеді министр.

Наверх