Архивтегі әр құжаттың артында адам тағдыры тұр

4 Мамыр 2022, 17:36
1804
Бөлісу:
Архивтегі әр құжаттың артында адам тағдыры тұр

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола облысында қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жұмыстары кезінде тың деректер мен фактілер табылды.

Өңірлік комиссия құрамындағы зерттеушілерге архивтердегі құпия құжаттармен жұмыс жүргізуге рұқсат берілген. 

Түркістан легионының құрамында болған қазақстандық әскери тұтқындарды оңалту бойынша ұсыныстарды дайындау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, гуманитарлық ғылымдар магистрі Ақан Шәріповтың айтуынша, облыстық полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатынан маңызды құжаттар табылды. 

Құпия атауларды әлі күнге дейін жариялау немесе айту мүмкін емес. №25 қорда 367 адамға қатысты 429 іс бар, олардың барлығында «ақтауға жатпайды» деген белгі бар. Бұл олардың кінәсі арнайы тексерудің нәтижесінде дәлелденгенін білдіреді. Соғыс уақытында сотталғандар «жауға өз еркімен берілу, қашу, өзін-өзі өлтіру, әскери бөлімді тастап кету, бұйрықты орындамау» баптары бойынша қатаң жазалау шараларына ұшырады, – дейді Ақан Шәріпов. 

1990-2000 жылдары прокуратура қызметкерлері әскери тұтқындарға қатысты істерді мұқият тексерді. 2020 жылдан бастап ҚР Президентінің Жарлығымен барлық істер қайта қаралуда. №26 «Ұлы Отан соғысының бұрынғы әскери тұтқындары және Германиядан оралған ҚазССР азаматтары» қорында 3174 адамға қатысты 1308 іс сақталған.

Қазақстандықтар Германия, Польша, Италия, Франция, Латвия, Дания, Белоруссия, Украина лагерлеріне түсті. Анкеталық деректер мен жеке құжаттар сақталған. Іздеу жұмыстары жалғасуда.

Облыстық әскери комиссариат 1939-1945 жылдары Батыс Еуропа елдерінде тұтқынға түскен жерлестеріміздің тізімін жасады. Жұмыс тобы кейбір істерді қарап, оларды қайта қарау бойынша ұсыныстар берді. Төрт адамның құжаттарында саяси аспектілер бар. Мысалы, соғыс заңы бойынша «Кеңес өкіметіне қарсы ниеттері» үшін СМЕРШ екі жауынгерді әскери трибуналға берген, бір жауынгер неміс тұтқынында болған кезде өз еркімен Түркістан легионына жазылған. Кейін Қызыл Армия қатарына қосылған. Жаумен шайқасқаны үшін алған марапаттары бар. Неге оны ақтамасқа. Бір адам өз командирін қорлағаны үшін атып тастаған, – деп түсіндірді Ақан Шәріпов. 

Оның сөзінше, әскери тұтқындардың тағдыры күрделі, олар адам төзгісіз жағдайда өмір сүрді. 

Көбісі оқ-дәрілер, қару-жарақ және командирлердің жетіспеушілігінен тұтқынға алынды, фашистер жағында соғыс қимылдарына қатыспады. Бірақ жеңістен кейін олар қайтадан сотталды. Көбісі ерлік жасады, марапаттарға ие болды. Елге келгеннен кейін олар «Германиядағы өмірді мақтады», «кеңес колхозының өмірін сынға алды» деп қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Әрине, біз жауап іздейтін сұрақ көп, – дейді зерттеуші.

Арнайы қоныс аударушылар мен жер аударылғандарды анықтау жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Алмагүл Көшпаеваның айтуынша, арнайы қоныс аударушылар, яғни жер аударылғандар 30 санатқа бөлінген.

Зерттеушілер мұрағаттан «арнайы қоныс аударылғандардың жеке істерін зерттеді. Онда 36 мыңға жуық іс сақталған. Мұны арнайы тарихи құжаттар растайды, – дейді Алмагүл Көшпаева. 

Оның мәліметінше, Ақмола облыстық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық Кеңесі атқару комитетінің 1941 жылғы 27 қыркүйектегі бірлескен қаулысында Кеңес Одағының орталық аудандарынан Ақмола облысының аудандарына 36 мың неміс ұлтын көшіру туралы айтылған. 

Жергілікті басшыларға осы науқанды орындау бойынша нақты тапсырмалар берілді. Барлық жеке істерде-өмірбаян, өтініштер, кепіл, билік органдарымен хат алмасу, шектеу шаралары көрініс тапқан. Әрбір істе тегі, білімі, отбасы құрамы, жынысы, сотты болуы және партиялық жағдайы, мамандығы, тіпті қашан көшетіні де көрсетілген, – деп нақтылады жұмыс тобының жетекшісі. 

Тарихшы-ғалымның айтуына қарағанда, әзірге 377 іс қана сапалы сараптамадан өткен.

Облыстық прокуратурада толық тізім бар, оларды топтастыру және сұрыптау жүргізіледі. Айта кету керек, жұмыс барысында белгілі бір қиындықтар туындады. Кейбір құжаттар ескірген, жазулары өшкен, беттер толық емес, ақпарат аз, бірқатары латын және араб тілдерінде жазылған. Архивтегі әр құжаттың артында адам тағдыры, үлкен трагедия тұр. Зерттеушілер кәсіби және ғылыми этиканы сақтай отырып, әр істі өте мұқият қарауға тырыстық, – дейді Алмагүл Көшпаева.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі құжаттар – зерттеушілер жұмысының маңызды бөлігі болып табылады. Жобаны іске асыру үшін Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде арнайы жобалық кеңсе ашылды. Бес ғылыми-зерттеу экспедициясы, халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды, ғалымдар республикалық деңгейдегі 11 семинарға, бірнеше форумдарға қатысты. Зерттеу материалдары бойынша түсірілген бейнефильм телеарналарда көрсетілді, Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне жарияланды.

Өзгелердің жаңалығы