Қарды уақытылы тазартпағаны үшін 60 сервистік ұйым айыппұл арқалады

14 Ақпан 2020, 03:40
1192
Бөлісу:
Қарды уақытылы тазартпағаны үшін 60 сервистік ұйым айыппұл арқалады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 60 сервистік ұйымға қарды уақытылы және дұрыс тазаламағаны үшін айыппұл салынды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция бөлімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жергілікті полиция қызметі қаланы қардан және мұздан тазартуды күнделікті бақылап отырады.

Жыл басынан бері қарды дер кезінде шығармағаны үшін 393 құқық бұзушы жауапқа тартылған. Жалпы абаттандыру ережесін бұзғаны үшін салынған айыппұл сомасы шамамен тоғыз миллион теңгені құраған.

Осы қыста қызмет көрсететін тұрғын үйлердің бекітілген аумағын қардан уақытылы және дұрыс тазаламағаны 60 сервистік ұйым (KSK, ЖШС) әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Айыппұлдың жалпы сомасы 1 миллион 531 мың 750 теңгені құраған.

Сонымен қатар жауапты сервистік ұйымдар келісілген аумақтың қарын, тұрғын үй шатырындағы мұзды да тазалау керек.

Биыл қардың шамадан көп түсуіне сәйкес, аумақтарды тазартумен айналысатын мердігерлерге бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері жалпы құны үш миллион 746 мың 830 теңгеге 40 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Мәселен, экологиялық полиция қызметкерлері «Нуртазин» ЖШС және «Нұра Сервис» ЖШС-ні әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Мердігерлер Қабанбай батыр көшесінің бойын, Asia Park сауда орталығы мен Заречный кенті аумағы үшін жауапты болған. Алайда уақытында тазаланбаған аумақ үшін әрқайсысына 106 040 теңгеден  айыппұл салынды.

Айта кетейік, абаттандыру ережелеріне сәйкес ғимараттардың (тұрақтардың) иесі мен жалға алушысы өз аумағын қардан тазартуы керек. Өздігінен немесе ұйымдармен келісім бойынша қар шығаруды қамтамасыз етуі керек. Алайда, шағын және орта бизнес өкілдерінің жоғарыда аталған ережелерді бұзу фактілері орын алған. Осы талапты орындамаған 232 шағын және орта бизнес өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

 Бұдан бөлек 61 жүк көлігінің жүргізушісіне белгіленбеген жерге қар төккені үшін айыппұл салынған.

Өзгелердің жаңалығы