Әрбір 5-ші шаруа қожалығын әйел басқарып отыр – депутат

20 Тамыз 2021, 15:49
4852
Бөлісу:
Әрбір 5-ші шаруа қожалығын әйел басқарып отыр – депутат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Сенат депутаты Ләззат Сүлеймен «Әйелдердің ауыл және ауыл шаруашылығының дамуына қосқан үлесі» тақырыбында өткен Қазақстанның Оңтүстік өңірлерінің аймақтық форумында айтты.

Ауыл әйелдері инновациялық идеялар ұсынуға дайын болуы керек. Мемлекет үшін бұл үлкен ресурс, адами капитал. Жалпы ауыл әйелдерінде қазір дайындық бар. Ол жылдан жылға белсенді бола түсуде. Ауыл әйелдері ұйымдасып, мәселелерді айғай-шусыз, сауатты түрде шеше алса, көп мәселені шешуге болады, - деді ол.

Депутаттың айтуынша, ондай тенденция қалыптасып отыр.

Қазір әрбір 5-ші шаруа қожалығын әйел басқарып отыр. Бұл көрсеткіш одан да артуы керек. Тек шаруа қожалықтарын ғана емес, өзге салаларды басқарудағы нәтижені көбейту керек. Мәслихаттарға квота берілді. Көп жас қыздар келді. Оларға үлкен үміт артып отырмыз. Бұл өзінің тиімділігін көрсетуі керек. Қордаланған мәселелерді әйелдер сауатты түрде көтере білуі керек. Белсенді, ақылды қазақ әйелінің тұрақтылық пен рухани құндылықты сақтауға қауқары жеткілікті болуы тиіс, - деді Ләззат Сүлеймен.

Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайынғы ауылдық әйелдер форумдарын өткізу дәстүрге айналып отыр. Ауыл әйелдерінің республикалық форумының тарихы 2018 жылдан басталады. 2019 жылдан бастап Қазақстанның барлық өңірі ауыл әйелдерінің форумдарымен қамтылды.

Өзгелердің жаңалығы