Арайлым Есімбекова: Жыл сайын қайта даярлау деп 100-ге жуық шаштараз оқыту кімге тиімді

31 Қазан 2019, 15:16
4477
Бөлісу:
Арайлым Есімбекова: Жыл сайын қайта даярлау деп 100-ге жуық шаштараз оқыту кімге тиімді
EX
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жақында Елордада "Еңбекқор жастар" ақпараттық кампаниясы аясында "Жастар ресурстық орталықтары еңбек нарығының жаңа болмыстарында" атты республикалық семинар-тренинг өткен болатын.

Осы жиынған ШҚО-дан келген Арайлым Есімбековадан қазіргі таңда өңірдегі Жастар ресурстық орталығының атқарып жатқан жұмысы жайлы сұраған едік.

ШҚО Ішкі саясат басқармасына қарасты Жастар ресурстық орталығының директоры осы салада жүргеніне 20 жылдан асты дейді.

Осы саланың барлық баспалдағынан өттім десем болады. Әуелі ауылдан бастағанмын, одан кейін өкіметтік емес ұйымда жұмыс істедім. Ауданда да қызмет атқардым. Соңғы 7 жылдан бері облыстық Жастар ресурстық орталығын басқарып келемін - деді Арайлым өзін таныстырып.

Біз білікті маманнан ауыл жастарының арасында өзі байқаған қандай өзекті мәселелері барын сұрадық.

Жалпы жастардың мәселесі, әсіресе ауыл жастарының мәселесі өте көп деп айтуға болады. Оның бірі – жастардың ауылдан қалаға кетуі. Бұның да өз себебі бар. Басты себебі – ауылда интернеттің болмауы. Болса жылдамдығы нашар. Жастардың көбі қазір әлеуметтік желілерде отыратынын, ұялы байланыстың маңыздылығын ескерсек, жастар осы себептен де ауылға тұрақтамай отыр. Әйтпесе өз кәсібін ашып, ауылда да мал-жанын бағып отырғысы келетін жастар көп - дейді орталық басшысы.

Оның айтуына қарағанда ауыл жастарының жағдайын жасаймыз десек, аудан былай тұрсын, шағын ауылдардың өзін сапалы интернетпен қамтамасыз ету керек.

Осы кезде шығыс өңірінің қанша ауылында интернет жоқ?» деген сауал өз-өзінен қойылары анық еді.

Дәл бүгінгі күні осынша ауылда интернет жоқ деген мәлімет жоқ біздің қолымызда. Біз тікелей ол жұмыспен айналыспағандықтан нақты қанша екенін айта алмаймын. Дегенмен, ауылдарды интернетпен қамтамасыз ету мәселесі бойынша семинар барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Данияр Есин мырза түсіндірді. Оның сөзіне қарағанда барлығы біртіндеп жүзеге асатын көрінеді. Оған да шүкір деп отырмыз - дейді Арайлым Есімбекова.

Ауыл жастарының арасында тағы бір мәселе бар. Ол бір сөзбен айтқанда жалқаулық.

Ауыл жастары қатарында ондайлар да бар. Халықаралық терин бойынша оларды NEET (Not in Education, Employment or Training) санатындағылар деп атайды. Біз облыста осы санаттағы жастардың категориясын анықтау мақсатында іргелі істер атқарылып жатыр. NEET санатына кіретіндер деп оқығысы келмейтін, мүлде оқымай қалған, қайта даярлау курстарынан өткісі келмейтін, жұмыс істемейтін жастарды айтады. Біз бұл санаттағы жастармен жұмыс істеуді үнемі бақылауда ұстап отырмыз. Соңғы үш жыл олармен адрестік жұмыс жасап келеміз. Жай ғана статистикаға сүйеніп қана қоймай, қай жерде осы санатқа жататын жастар барын тексердік. Ондағы мақсат "жалқаулардың" санын білу. Және жағдайымен танысу. Ол жас не себепті оқығысы келмейді немесе не себепті жұмыс істегісі келмейді? Осы мақсатта біз әрбір үйдің есігін қағып, ауласын аралап, кездесулер өткіздік. Тіпті жұмыссыздыққа тіркелмеймін дейтін жастар үшін жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін де өзімізбен ертіп жүріп, өз үйінде жұмыссыз ретінде тіркейміз. Ал ол жұмыссыз ретінде тіркелген соң біз оны қайта оқуға, мамандық игеруге мәжбүрлейміз - дейді Арайлым Есімбекова.

Осы үш жылдық жұмыс нәтижесінде бүгінгі таңда еліміз бойынша ШҚО «жалқаулар» саны ең төменгі көрсеткішке жеткен.

NEET санатындағы жастар Шығыс Қазақстан облысы жастарының 3,5 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш кейбір облыстарда еңбекке қабілетті жастардың 10 пайыздан астамын құрап отырғаны белгілі - дейді маман.

Оның айтуына қарағанда "жалқаулар" санының көбеюіне тағы бір мәселе себеп болып отыр. Бұл еліміздегі жастар мәселесіндегі өзектілерінің бірі.

NEET санатындағы жастар мәселесімен шұғылданып жүрген кезде мынадай бір жайға кез болдық. Мысалы ауылдарда шағын жеке кәсіпкерліктер, Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары бар. Осы жерлерде жастар жұмыс істейді. Ол жастардың ешқандай әлеуметтік салықтары төленбейді. Осыдан болып жұмыс істеп жүрген жастардың өзі "жалқаулар" санатына қосылып кетеді. Осы келеңсіздікті болдырмас үшін, салық комитетімен бірлесе жұмыс жасап, шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлердің әлеуметтік төлемдерін төлеуге ықпал еттік - дейді орталық директоры.

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың тағы бір себебі – жыл сайын қайта даярлау курсында бір ғана мамандықты оқыта беру екенін айтады Арайлым Есімбекова.

Бұл мәселе Қазақстанның барлық түкпірінде бар деп ойлаймын. Осы туралы семинар барысында вице-министрлерге де айттық. Бар мәселе қайта даярлау курсында болып отыр. Мысалы бұрын машинист-тракторист мамандығын оқыған адам болса, қайта даярлау барысында оған дәнекерлеуші мамандығын оқытуға болады. Ал оның оқыған 3 айы үшін стипендия төленеді. Кейбір жастар осы стипендияға бола оқиды. Бірақ ол оқып біткен соң жұмыс істемеуі әбден мүмкін. Тағы бір мәселе, осы қайта даярлау барысында жыл сайын бір мамандықты оқыту. Енді елестетіп көріңізші, шағын ауданда, жұмыссыздықты жоямыз деп жыл сайын 50-60, тіпті 10-20 шаштаразды оқыта беру қаншалықты тиімді? Осыған бір сараптама жасап, зерттеу керек секілді - дейді ол.

Жастармен жұмыс істеп, өз саласының білікті маманына айналған Арайлым, бұндай "оқытып жатырмыз" деген есеп үшін ғана жыл сайын бір мамандықты даярлай бергенше, басқа сала бойынша, ауылға тиімді мамандықтар бойынша оқытуға да болады ғой деген пікірде.

Мысалы қазіргі кезде еліміз бойынша автомобиль жолдарын қайта жаңғырту немесе жаңадан жол салу жүріліп жатыр. Тіпті халықаралық маңызы бар үлкен-үлкен жолдар салынып жатыр. Мемлекет те, жергілікті әкімшіліктер де сол жолдың салынатынын алдын-ала білді. Соған орай қайта даярлаудан өтетін жастарды неге сол жол мамандығына қарай бейімдеп оқытпасқа? Еліміз бойынша жол құрылысы қашан да маңызды және жуық арада біте қоймайтыны да белгілі. Сондықтан да, 3 айлық курсқа трактористерді, машинистерді, КАМАЗ шопырларын, тіпті болмаса жол дөндеушілерді оқытуға болады ғой - дейді Арайлым Есімбекова.

Оның ойынша бұл мәселені Білім және ғылым министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қатарлы үш министрлік бірлесе отырып шешкені дұрыс.

Қазақтың бір жақсы сөз бар, "адамның оң қолы жасағанды сол қолы да жасай алады" деген. Кейде барлығын өзіміз шатастырып жіберетін секілдіміз. Егер қай уақытта не керегін білсек, бәрі де өз қолымыздан келетін шаруа - дейді Арайлым Есімбекова сөз соңында.

Естеріңізге сала кетейік, өткен сәрсенбі күні Елордада "Еңбекқор жастар" ақпараттық кампаниясы аясында "Жастар ресурстық орталықтары еңбек нарығының жаңа болмыстарында" атты республикалық семинар-тренинг өткен еді. Іс-шараға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 40-тан астам жастар саласының маманы қатысты.
Өзгелердің жаңалығы