Қарағандыда оқушының терезеден құлауына байланысты іс қозғалды

30 Қаңтар 2019, 20:05
2342
Бөлісу:
Қарағандыда оқушының терезеден құлауына байланысты іс қозғалды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда мектеп оқушысының терезеден құлауына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқыс оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Дәрігерлер баланың өміріне еш қауіп жоқ дейді.

Еске салайық, кеше Қарағандының «Көгілдір Тоғандар» ықшам ауданындағы №77 мектептің 3-қабатындағы терезеден бірінші сыныпта оқитын қыз бала абайсызда құлап кеткендігі туралы ақпарат жариялаған болатынбыз.

Облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғап, педагогтардан жауап алуда.

«Баланың терезеден құлауына байланысты іс Жаңа-Майқұдық полиция бөлімі қызметкерлерінің қарауында. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 141-бабына сай, яғни «Баланың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабы бойынша қозғалған. Тергеу жүргізілуде», - дейді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров.

Белгілі болғандай терезеден құлап кеткен баланы ешкім іздемеген. Қарда жатқан баланы ата-аналардың бірі байқаған. Оқушының не себепті терезеден құлағаны, баланы ешкімнің іздемегендігі және де тек астыңғы қабатта оқуы тиіс бастауыш сынып оқушыларына 3-қабатта неге сабақ өткізілгендігі анықталып жатыр. Осыған байланысты мектептің директорынан, меңгерушіден және сынып жетекшіден жауап алынуда.

Дәрігерлердің айтуынша, биіктіктен құлаған қыз баланың қазіргі уақытта жағдайы бір қалыпты.

«Бала облыстық балалар ауруханасында жатыр. Оған барлық медициналық көмек көрсетілді, толықтай тексерістен өтті. Ішкі ағзасы аман, сынған жері жоқ. Қазіргі уақытта баланың өміріне еш қауіп жоқ», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.

 

Жібек Мұқашева
Өзгелердің жаңалығы