Қарағандыда эндоскопиялық әдіспен омыртқаға ота жасалатын болды

10 Қазан 2019, 01:13
1439
Бөлісу:
Қарағандыда эндоскопиялық әдіспен омыртқаға ота жасалатын болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Профессор Х. Ж. Мақажанов атындағы Қарағанды травматология және ортопедия орталығында омыртқаға эндоскопиялық әдіспен оталар жасала бастады. Жергілікті хирургтарды Қытай мен Ресейден келген мамандар үйретуде.

Қарағанды облысы әкімдігінің ресм сайтынна хабарлағандай, жергілікті дәрігерлерге кеңес беру үшін Новосібір қаласының жоғары санатты нейрохирург дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Сергей Мишинов пен Қытайдағы халық-азаттық армиясының Әскери-әуе әскери медициналық университеті жанындағы Tangdu ауруханасынан профессор Ванг Пенг шақырылды.

Теориялық және практикалық бөлімдерді қамтитын шеберлік сабақтары екі күнге созылды. Осы уақыт аралығында клиникада трансфораминальды эндоскопия арқылы екі ота жасалды. 

"Операция барысында емделушінің ішіне шағын тілік жасалып, сол арқылы омыртқа аралық дискіге өтіп, ондағы жарықты жояды. Сондай-ақ, бұл операция экструзия және омыртқааралық диск протрузия, стеноз және арқадағы ауырсыну синдромын емдеу үшін қолайлы әдіс болып табылады", - дейді мамандар. 

Олардың айтуынша, бұрын мұндай араласулар ашық немесе эндоскопиялық түрде, арқада тілік жасау арқылы жүзеге асырылатын. Бұл ретте міндетті түрде арқадағы бұлшық ет те тілінетін. Мұндай жағдайларда емделуші айтарлықтай ұзағырақ уақыт қалпына келіп, жарадағы тігістер аса ауыр бітіп, емделетін. 

"Жаңа әдісті пайдалана отырып, біз бұлшықеттер арқылы өтпейміз, адамдар бұл процедурадан соң жеңілірек қалыпқа келеді. Әдетте операция кезінде, бұл ашық әдіс немесе тесу болсын, қалпына келтіру үшін бір аптадан кем емес уақыт кетеді, пациенттің бүйірінен тескен кезде, науқас екі күннен кейін шығарылады. Бірнеше сағаттан кейін де ота жасаған адамды үйіне жіберген тәжірибе бар. Бұл ең аз инвазивті хирургия", - деді нейрохирургия орталығының меңгерушісі Ғабит Махамбаев.

Трансфораминальді эндоскопия әдісі омыртқааралық дискісі биік болып келетін емделушілерге ғана жарамды.
Мақажанов атындағы клиникада омыртқа аралық дискідегі жарықтарды жою бойынша жылына 300 ота жасалады. Келесі жылы олардың 50-ге жуығы жаңа әдіс бойынша жүзеге асырылатын болады. 

2020 жылдан бастап хирургиялық араласудың бұл түрі міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде қызметтер пакетіне енгізіледі және қорға үнемі жарналар жасайтындар үшін тегін болмақ. 

Айта кетейік, мұндай операциялар Нұр-Сұлтан, Алматы және Павлодар клиникаларында сәтті өтуде. 


Өзгелердің жаңалығы