Қарағандыда балалардың сурет көрмесі ашылды

24 Қыркүйек 2019, 22:10
4666
Бөлісу:
Қарағандыда балалардың сурет көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас суретшілер туындыларының көрмесі ашылды, деп хабарлады облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі. 

Бұл экспозиция - «Алтын қазына» және «Шеберлер қаласы» балалар сәндік-қолданбалы шығармашылығы және көркемөнер республикалық байқауларының облыстық кезеңі болып табылады.

Байқауға қатысу үшін облыстың барлық мектептерінің оқушылары 150-ден астам жұмыс дайындады. Облыстық бейнелеу өнері мұражайында олардың ең үздіктерін көруге болады.

Шараны Қарағанды облысының білім басқармасы мен «Сарыарқа дарыны» аймақтық қосымша білім беру ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.

«Бүгін біз «Алтын қазына» және «Шеберлер қаласы» атты екі байқаудың облыстық кезеңіне қатысқан жұмыстардың көрмесін аштық. Әр сайыс бейнелеу өнері мен балалар шығармашылығын дамытуға және қолдауға бағытталған. Жұмыстар жеті номинацияда ұсынылды. Бір апта бойы қазылар алқасы бұл жұмыстарды бағалайды. Жеңімпаздарды сертификаттармен, дипломдармен және ұйымдастырушылардың сыйлықтарымен марапаттаймыз. Шымкент қаласында қараша айында өтетін республикалық байқауда біздің облыс үздік жұмыстарды ұсынатын болады. Қатысушылардың жасы 11-ден 16-ға дейі», - деді Қарағанды облысы білім басқармасының «Сарыарқа Дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру орталығы басшысының орынбасары Саят Балмақаев.

Оның айтуынша, 18 қыркүйекке дейін аудандық кезеңдер өткен. «Алтын қазына» байқауына 100-ден астам жұмыс, ал «Шеберлер қаласы» байқауына 50-ге жуық жұмыс келіп түсті. Қатысушылар арасында Абай, Саран, Теміртау, Қарағанды қалаларының және Жаңаарқа, Бұқар Жырау, Қарқаралы аудандарының оқушылары бар. Мұндай көрме-байқаулар осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып, қатысушылар саны күн санап өсіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы