Қарағанды театрында америкалық режиссер Шекспирдің туындысын қояды

28 Мамыр 2019, 09:40
1551
Бөлісу:
Қарағанды театрында америкалық режиссер Шекспирдің туындысын қояды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. К.С.Станиславский атындағы Қарағанды орыс драма театры 88-ші театр маусымын жаңа премьерамен аяқтайды. Көрермендерге Шекспир комедиясы ұсынылады. Спектакльді америкалық режиссер Джон Блонделл қояды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Станиславский атындағы театр директоры Дунай Еспаевтың айтуынша, АҚШ-тың театр маманымен танысқаннан кейін Македониядағы халықаралық Шекспир фестивалінде ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Қазіргі таңда актерлік құрам таңдалып, дайындық процесі жүріп жатыр.

«Мен шет тілді театрлармен жұмыс істедім, бірақ орыс театрымен бұл менің алғашқы ынтымақтастық тәжірибем. Мен бүкіл процесс бірден сахнада, қозғалыста басталатынына үйренгенмін. Яғни, ойын сипаттамасын мәтін емес, сол сахнадағы жағдай серпін беріп анықтауы тиіс. Алдымен актерлерден этюд әдісімен жұмыс істеулерін өтіндім. Кейбір идеялар қойылымда қолданылады. Іс жүзінде барлық көріністер пысықталды. Бізде барлығын одан әрі дамытуға, жақсартуға әлі бір ай уақыт бар», - деді Джон Блонделл.

Әрбір актердің қиялы пьесаның жалпы идеясына жұмыс істейтін болады. Әртістер режиссермен қарым-қатынаста ешқандай тілдік тосқауыл жоқ дейді, себебі театр, өнер тілі шекараларды білмейді.

Режиссердің айтуынша, ол «Жазғы түндегі түсті» жетінші рет қояды екен, алайда бірде-бір қойылым басқасына ұқсамайды. Қарағанды сахнасында да классикалық туындының басқа қыры көрсетіледі деп күтілуде.

«Жаңа спектакльмен біз биылғы маусымды жабамыз. Премьерасы 22-23 маусымда өтеді. «Жазғы түндегі түсті» біз Македониядағы халықаралық Шекспир фестиваліне алып баруға өтініш жасадық. 31 шілдеде бұл қойылыммен Охрид қаласына ұшамыз», - деді Дунай Еспаев.
Өзгелердің жаңалығы