Қарағанды облысында коммуналдық тарифтер 10% арзандаған

21 Ақпан 2019, 16:48
1961
Бөлісу:
Қарағанды облысында коммуналдық тарифтер 10% арзандаған

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің облыстық департаменті Қарағанды облысындағы табиғи монополиялардың барлық субъектілері 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап коммуналдық қызмет ақысын төмендеткенін айтады. Облыс тұрғындары ақпан айының түбіртектерінен коммуналдық қызмет құнының қаншалықты арзандағанын көре алады.

Бұл жайында бүгін Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің облыстық департаменті басшылығы мен монополист компаниялардың өкілдерімен өткен брифингте айтылды. Әрбір кәсіпорынның экономикалық жағдайына қарай тариф 1-10% аралығында төмендетілген.

«Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сай Қарағанды облысының әкімдіктері мен біздің Департамент коммуналдық қызмет тарифтерін төмендету бойынша бірлесе жұмыс жүргізді. Бұл бастаманы өңірдегі табиғи монополиялардың барлық субъектілері қолдады. Тариф құнының төмендетілуі аймақ бойынша бір деңгейде емес. Себебі кәсіпорындардың экономикалық жағдайы да әртүрлі, осыған байланысты олар тарифтерді арзандатудың өзіндік құнын көрсетті. Жалпы алғанда облыс бойынша тариф 10% дейін төмендеді. Тұтынушылар наурыз айының басында алатын түбіртектерден коммуналдық қызмет құнының қаншалықты арзандағанын көре алады», - деді Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау Комитетінің облыстық департаменті басшысы Арман Өтегенов.

Ведомство мәліметінше, аймақтағы тарифтердің төмендеуі 2 млрд теңгені үнемдеуге әкелген.

«Қарағандыда электр энергиясының тарифі 5%, жылу энергиясы 3,5, судың тарифі 5%, ал кәріздікі 3% төмендеген. Сондай-ақ, аймақта лифттерге қызмет көрсету, қоқыс жинау сияқты қызмет түрлерімен айналысатын үш компания тарифті 4-5% арзандатқан», - дейді Арман Өтегенов.

Облыс бойынша коммуналдық тарифті ең көп төмендеткен Осакаров ауданында қызмет көрсететін «Сарыарқа-2017» ЖШС. Ал, «Қарағанды Су» ЖШС-нің ресми өкілінің айтуынша компания тарифті төмендетіп қана қоймай, қызметкерлерінің жалақысын 10% көтерген. Компания ішкі шығындарды оңтайландыру және сақтандыру қызметіне жұмсалатын қаржыны үнемдеу арқасында тарифтерді төмендету мүмкін болғандығын айтады.

Жібек Мұқашева

Фото: шартты

Өзгелердің жаңалығы