Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын

25 Қыркүйек 2019, 05:53
2454
Бөлісу:
Қарағанды облысында егін жинау науқаны аяқталуға жақын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек егін ору жұмыстарының барысымен танысты. Өңір басшысы Бұқар жырау, Осакаров және Нұра аудандарында болып қайтты.

Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Бұқар жырау ауданында егін жинау науқаны 72%-ға аяқталды. 

"Жұмыс жоспары бойынша біз астықты 1 қазанға дейін жинауымыз керек. 6 қазанға дейін картоп пен көкөніс жиналып болуы тиіс. Егер жаңбыр жаумаса, барлығын уақытында аяқтаймыз", - деді Бұқар жырау ауданының әкімі Шағурашид Мамалинов.

Бұл ауданда «Нұр СХ» ЖШС және «Баймырза Агро 2018» ЖШС секілді екі ірі шаруа қожалығы орналасқан. Екіншісі бір жыл бұрын ғана жұмыс істей бастады, алайда үлкен нәтижеге қол жеткізді. Кәсіпорын картоп пен көкөніс өсірумен айналысады. 

"Биыл 140 га картоп ектік. Қойма кешенін салдық, қазір оны жылытумен айналысудамыз. Қазан айының соңына дейін жұмысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Онда 4 қойма орналасқан, әрқайсысы 760 тоннаға есептелген. Қазіргі уақытта қоймаларға картопты жүктейміз, кешен жартылай толтырылды", - дейді «Баймырза Агро 2018» ЖШС құрылтайшысы Ержан Нашаров.

Ал Осакаров ауданында астық жинау қыркүйек айының соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Жалпы егіс көлемі 318 мың гектарды құрайды. 211 мың гектардан астық жиналды. Бұл жалпы санның 66% құрайды. Аталмыш ауданда облыс әкіміне аграрлық бизнестегі цифрландыру элементтері қалай пайдаланылатыны көрсетілді. 

"Өткен жылы пилоттық режимде біз өз шаруашылығымызда цифрландыру элементтерін іске қостық. Және Қазақстанда осы саладағы көшбасшылар деп танылдық. Жоба 500 гектарға есептелген. Ал биылғы жылы алаң 4000 га дейін ұлғайтылды. Әрбір 2-3 күн сайын жер серіктерінен суреттер жасалады. Комбайнға қосылып, біз, мысалы, ылғалдылықты және басқа да параметрлерді бақылай аламыз. Комбайндар өнімділік картасын салады, бұл ең басты элемент. Ол болашақ егістің негізіне жатады", - деп түсіндірді «Найдоровское» ЖШС директоры Павел Лущак.

Бұдан басқа, Жңіс Қасымбек цифрлауға көшудің көмегі туралы сұрады. 

"Көмектеседі және нәтиже де бар. Мысалы, өткен жылы облыс бойынша рекордтық өнім болды. Биылғы жылы мұндай көрсеткіштер жоқ, себебі жазда 49 күн жаңбыр жаумады. Бірақ бұл жағдайда да біздің көрсеткіш облыс бойынша орташа көрсеткіштен 1,5-2 есе жоғары", - дейді Павел Лущак. 

Егін жинау жұмыстары Нұра ауданында да кесте бойынша жүріп жатыр.

"13 қыркүйектен бастап астықты жинай бастадық және 21 күн ішінде барлығын жинауды жоспарлап отырмыз. Ал 18 қыркүйектен бастап картопты жинаймыз. Егер ауа-райы қолайлы болса, барлығын уақытында аяқтаймыз", - деп сендірді Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов. 

Облыс әкімі егін ору жұмыстарының барысымен танысқаннан кейін қорытынды жасап, бірнеше тапсырма берді. Олардың бір бөлігі субсидиялау мәселелеріне қатысты болды. 

"Жалпы, барлығы жоспар бойынша жүріп жатыр. Ең бастысы, ауа-райы қолайлы болса жақсы болады. Өнімділік жақсы. Бірақ субсидия мәселесін шешіп, шаруашылықтарға көмектесу керек. Мұны жыл соңына дейін жасау қажет", - деді Жеңіс Қасымбек.


Өзгелердің жаңалығы