Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысында биыл денсаулық сақтау саласына 93 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артық.
Бөлінген қаражаттың үштен бір бөлігі міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне арналған, ол өңірде 1 қыркүйектен бастап жұмыс істейді.
МӘМС жүйесінде мектеп медицинасын субсидиялау қарастырылған, консультациялық-диагностикалық және оңалту көмегін қаржыландыру көлемі айтарлықтай кеңейтілді. Қымбат зерттеулерге қол жеткізу 2 есеге өсті.
Медициналық сақтандыру жүйесі төлемдердің тұрақтылығына байланысты. Мемлекет есебінен қаржыландырылатын жеңілдік алатын азаматтар санаты автоматты түрде "сақтандырылған" мәртебесі берліді. Жұмыс істейтін қарағандылықтар үшін жарналарды жұмыс берушілер аударады. Өңіріміздегі 90 мыңға жуық өз бетінше жұмыспен айналысушылар үшін бірыңғай жиынтық төлем қарастырылған - бұл республикалық және облыстық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК және қалған елді мекендер үшін 0,5 АЕК.
Біз Мемлекеттік кірістер департаментімен бірге күн сайын, апта сайын осы жарналардың аударылуын тексереміз. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арнап біз бірыңғай жиынтық төлемді төлеу терминалдарын орнатамыз. Бүгінгі таңда халықтың басым бөлігі, ауылдық елді мекендерді қоса алғанда, МӘМС қатысушылары болып отыр, - деп түсіндірді денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гамаль Тоқсанбаев.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік медициналық сақтандыру міндетті болды. МӘМС жүйесімен ел халқының 94,5% қамтуды жоспарлап отыр, оның 5%-ы – дербес төлеушілер. 1 сәуірге дейін елдің барлық тұрғындары өз мәртебесін анықтауы тиіс, себебі сол арқылы сіздің сақтандыруыңызды мемлекет, жұмыс беруші немесе өзіңіз қаржыландыратыныңыз белгілі болады.