Әр бала мектепке лайықты. Барлық бала жеке қолдау алады - «Болашақ» қоры

2 Сәуір 2021, 12:29
2382
Бөлісу:
Әр бала мектепке лайықты. Барлық бала жеке қолдау алады - «Болашақ» қоры

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Қазақстан Республикасында аутизмі бар балаларды оқыту және тәрбиелеу» тақырыбында БҒМ-нің Facebook-тегі ресми парақшасында өткен тікелей эфирде «Болашақ» қоры жобаларының үйлестірушісі Жазира Ескандірова «Әр бала мектепке лайықты» жобасы жайында айтып берді.

Оның сөзінше, «Әр бала мектепке лайықты» жобасы 2015 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 

Бүгінгі күні Қазақстан бойынша 17 аймақта 50 мектеп бізбен бірге жұмыс істеп, аутизмі бар балаларға білім алуға көмектесуде. Сондай-ақ жоба алғаш рет 2020 жылы балабақшаларда жүзеге асырыла бастады. Осы орайда балалар жалпы топқа барып, қосымша көмек алуда, - деді қордың өкілі. 

Сондай-ақ «Болашақ» қоры 2020 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қорына инклюзивті кабинеттерді ашуға қолдау білдірді. Ол конференция барысында жобаның негізгі бағыттарына тоқталды. 

- Инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу. 

- Мектептер мен балабақшаларды әдістемелік сүйемелдеу. 

- Мамандарды оқыту. 

- Ерекше балалардың ата-аналарына кеңес беру.

- Арнайы әдебиетті қазақ тілінде басып шығару (Биыл 2 кітап қазақ тілінде жарық көреді). 

- Сараптамалық жұмыс. 

2015 жылдан бастап әр өңірде аутизмі бар балаларды жалпы мектептерде оқытудың америкалық моделін енгізіп келеді. 

«Болашақ» қоры қолдауымен еліміздің 23 қаласында 50 мектеп және Нұр-Сұлтанда 2 балабақша жұмыс істейді. Шын мәнінде, біздің оқыту моделіміз аутизмі бар балаларға да, дамудың басқа ерекшеліктеріне де сәйкес келеді. Бірақ жұмыс барысында аутизммен ауыратын балалардың көп екенін түсіндік. Сондай-ақ мұғалімдерде сондай балалармен жұмыс кезінде қиындықтар туып жатады, - деп айтты Жазира Ескандірова. 

Одан бөлек «Болашақ» қорының өкілі инклюзияны қолдау кабинеті моделінің ерекшеліктері туралы айтып берді. 

Бір педагог-ассистент және бір бала. Яғни әр бала жеке қолдау алады. Балалар инклюзияны қолдау кабинетінде қосымша көмек ала отырып, жалпы сыныпта және топта оқиды. Олар өз қатарындағы балалардан бөлек кабинетте білім алмайды. Сондай-ақ Қазақстанда аутизмі бар адамдардың құқықтары кішкентай кезінен бастап егде жасқа дейінгі кез келген жаста іске асырылғанын қалаймыз. Күн сайын біздің қорымыз және аутизммен ауыратын балаларды тәрбиелеп отырған 500 отбасы бұл үшін қолдан келгеннің бәрін жасап келеді, - деп түсіндірді ол. 

«Болашақ» қоры – бұл қайырымдылықпен айналысатын қор. Қор 2015 жылдан бері инклюзивті білім беруді дамытуға 400 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражатын жұмсады. 2019 жылдан бастап 100 млн теңгеден астам қаражат мектептерді әдістемелік сүйемелдеуді қолдауға және мамандарды оқытуға жұмсалды.

Өзгелердің жаңалығы