«Ақжолдың» штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды

5 Наурыз 2023, 13:13
1027
Бөлісу:
«Ақжолдың» штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды

Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» демпартиясы республикалық штабының мүшелері Қостанай облысындағы «Тэрра» компаниясының көкөніс қоймасы және «АБЗ Плюс» ЖШ-нің еңбек ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Азат Перуашев партияның саяси бағдарламасын таныстырып, басым бағыттарын жан-жақты түсіндіріп берді. «Ақ жол» демпартиясының экономиканы либерализациялауға қатысты ұсыныстарына айрықша тоқталды.

«Біздің партия 2011 жылдан бастап салалық салық мөлшерлемелеріне көшуді ұсынып келеді. Себебі, бізде азық-түлік пен киім-кешек өндірушілері мұнай, газ, металдарымызды экспорттаушы, өзгенің тауарын импорттаушы ірі компаниялармен бірдей ҚҚС төлейді. Ал, барлық кәсіпкерлер мен халық берешек болып отырған банктер ҚҚС-тан мүлдем босатылған.

Осы орайда, Еуропада және басқа да дамыған елдерде (ЭЫДҰ) сараланған салық ставкалары бұрыннан бар, әлеуметтік және маңызды сала кәсіпкерлері салықты аз төлейді. Мысалы, ауыл шаруашылығы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, азық-түлік өндірісі, дәрі-дәрмек, балалар өнімдері. Бірақ, 2011 жылдан бері сараланған салық мөлшерлемелерін енгізу туралы көптеген ұсыныстарымызға үкімет «бұл адал бәсекелестік қағидатын бұзу» деп жауап беріп келді. Кім арасындағы бәсеке? Бай мен кедей арасындағы ма? Мұнай компаниясы мен шұжық цехының арасындағы ма? Бұл бәсеке емес, тоналу», — деді Азат Перуашев.

«Ақжолдың» штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды

Еске салайық, 2022 жылы Қ.Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Салық кодексі әзірлене бастады, онда президент салалық салық мөлшерлемелеріне көшуді тапсырған болатын. 

Сонымен қатар, Парламенттік Республиканың ерекшеліктері, Үкіметтің есеп беру принципін жүзеге асыру, заңнамаға «шыққан дерегі белгісіз байлық» ұғымын енгізу, үкімет мүшелерінің, әкімдердің, ұлттық компания басшыларының оффшорлық банк шоттарына қатысты банктік құпияны жою мәселелері талқыланды.

Партия төрағасы «Ақ жол» әрқашан отандық тауар өндірушілерді қолдап, қарапайым азаматтарды қорғайтынын атап өтті. Мысал ретінде ол жеке тұлғалардың банкроттығын енгізуге қатысты партия мен Ұлттық банк арасындағы 8 жылға созылған тартыс жайлы айтып берді.

«Ақжолдың» штаб мүшелері еңбек ұжымдарымен кездесулерін жалғастырды

Мұнан соң, «Ақ жол» демпартиясының кандидаттары «АБЗ плюс» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. 

Бірнеше жыл бұрын «Ақ жол» демпартиясы кәсіпорынды банкроттықтан сақтап қалған болатын. Салық органдары кәсіпорынға 3,5 миллиард теңге айыппұл салғаннан соң, «Ақ жол» партиясының төрағасы Бас прокурорға, Жоғарғы сотқа және Үкіметке сауал жолдаған болатын. «Ақ жол» демпартиясы салық айыппұлының қате есептелгенін дәлелдеп, жұмыс орындарын сақтап, кәсіпорынды қорғап қала алды. Бұл туралы компания директоры Николай Лобановтың өзі айтып, «Ақ жол» партиясына алғыс білдірді.

Партиялық бағдарлама таныстырылғаннан кейін кәсіпорын қызметкерлері еркін әңгіме барысында ипотекалық несиелеу, зейнет жасын төмендету, зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмысшылардың 1 және 2 тізімдерін қайтару, жалақыны көтеруге қатысты сұрақтарын қойды. 

«Мұғалімдер мен дәрігерлердің, бюджеттік және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы үнемі көтеріледі, ал біз секілді көшеде жұмыс істейтін қарапайым жұмысшылар мүлдем ескерілмейді. Осы мәселені Үкімет алдында көтере аласыз ба?», - деп өтініш білдірді кәсіпорын қызметкерлерінің бірі.

Кәсіпорын басшысы Николай Лобановтың айтуынша, биылғы жылға дейін көшелерді қардан тазарту бойынша мемлекеттік сатып алуда бір қызметкерге сағатына 700 теңге тариф бекітілген, бұл шын мәнінде жеткіліксіз және 80-90 мың аралығындағы жалақы содан қалыптасады, ал жол саласындағы жұмысшылардың еңбегі өте ауыр.

«Ақ жол» демпартиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты болған Махабат Жұтаев таяуда ғана тариф қайта қаралып, 1400 теңгеге дейін көтерілгенін атап өтті.

Сондай-ақ, тұрғын үй мен оның жалға алу бағасының қымбаттауына, жастарға қолжетімді баспананың жоқтығына қатысты шағымдар айтылды. 

«Ақ жол» демпартиясы алдағы уақытта да Парламентте жүйелі проблемаларды Үкімет алдында көтеретін болады», - деп сендірді республикалық штаб мүшелері.

*Материалдың ақысы «Ақ жол» демократиялық партиясының сайлау қорынан төленді.

Өзгелердің жаңалығы