Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-да өткен брифингте ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ибраимов «AQYL» мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі жайында түсіндіріп берді.
Қазақстанда 2013 жылдан бері Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, қысқартылғанда МБЖЖ, жұмыс істейді. МБЖЖ бұл республикамыздың кез келген азаматы үшін өзіне немесе баласының атына білім беру жинақтау салымын ашу мүмкіндігі.
МБЖЖ-ның басты артықшылығы салымдарға 9%-ға дейінгі банк сыйақысынан бөлек мемлекеттен сыйлықақы есептеледі. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері - жылдық 5%, әлеуметтік әлсіз санаттағыларға - 7%. Депозиттің қатаң нысаналы мақсаты бар, яғни жинақталған қаражат ҚР-да, сондай-ақ шетелде оқу ақысын төлеуге жұмсалуы тиіс, - деді ол.
Асқар Ибраимов атап өткендей, салымшы жүйеге қатысушы банктен балаға немесе өзінің атына білім беру салымын ашып, жинақтаудың ықтимал мерзімін, жинақтардың болжамды сомасын және жарналардың жиілілігін өз бетінше белгілейді. Демек, бұл – салымшы депозитті өзіне ыңғайлы уақытта және өзіне қолжетімді кез келген сомада толтыра алады деген сөз.
Білім беру депозитіне ақша салушылардың шеңбері шектелмеген, яғни кез келген қалада, депозит ашылған банктің кез келген бөлімшесінде кез келген үшінші тұлға оны толтыра алады. Қазіргі күні «Қазақстан Халық банкі» АҚ, сыйақы мөлшерлемесі – 9%, «Jysan Bank» АҚ, сыйақы мөлшерлемесі – 8.3%, «Банк ВТБ» АҚ ЕҰ, сыйақы мөлшерлемесі – 8.8%, «Нұрбанк» АҚ, сыйақы мөлшерлемесі – 9%-пен аталған банктерден білім беру депозитін ашуға болады, - деп түсіндірді ол.
ЖОО-ға немесе колледжге ақылы негізде түскеннен кейін салымшы депозит ашылған банкке ЖОО-мен жасалған шартты ұсынады, банк оқу ақысын салымшының шотынан тікелей білім беру ұйымына аударады. Егер оқудың барлық мерзіміне оқу ақысы төлегеннен кейін депозитте қаражат қалса, салымшы оларға өз қалауынша иелік етуге құқылы (грантқа оқуға түскен жағдайдағыдай).
Бала грантқа оқуға түскен жағдайда салымшы:
1) қаражат жинауды жалғастыруға;
2) қаражатты Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын үшінші тұлғаның білім беру салымына аударуға;
3) білімнің басқа деңгейлерін алуға (магистратура) ақы төлеу үшін пайдалануға;
4) барлық қаражатты банк сыйақысымен және мемлекет сыйлықақысымен бірге алуға құқылы.
Аталмыш салым Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорымен сақтандырылған және мемлекеттік органдар тарапынан кез келген тыйым салулар мен шектеулерден заңнамамен қорғалған. Бүгінгі күні мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша қолданыстағы салымдардың жалпы саны 16 048, оның сомасы 22,3 млрд теңгенң құрайды, - деп толықтырды Асқар Ибраимов.