Ақтөбеліктер «Жібек саты» операсын тамашалады

29 Маусым 2022, 15:00
970
Бөлісу:
Ақтөбеліктер «Жібек саты» операсын тамашалады
PHOTO

Ақтөбе облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбеліктер Джоаккино Россинидің «Жібек саты» атты опера-фарсын тамашалады. Бұл қойылымды ERG компаниясының бастамасымен «Аstana Opera» мемлекеттік опера және балет театрының труппасы келіп қойды.

«Аstana Opera» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияровтың айтуынша, театр әртістері Ақтөбеге дейін Қарағанды, Екібастұз, Павлодар, Рудный  қалаларын аралап, 6 мың көрерменге 10 қойылым ұсынған. Осылайша театр ұжымы маусым айындағы гастрольдік сапарын Ақтөбеде түйіндеп отыр.

Қойылымды ақтөбелік көрермен ерекше ықыласпен тыңдап, тамашалады. XVIII ғасырдағы ең бір қызықты комедиялық опералардың бірі саналатын бұл қойылым декорациясын итальян сценографы Манана Гуниа көркемдеп, режиссурасын Алла Симонишвили жасаған екен. «Аstana Opera» театрының камералық оркестрі россини дәуірінің әуенін нақышына келтіре орындап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. 

Ақтөбеліктер «Жібек саты» операсын тамашалады

Айта кету керек, қойылымда әуендерді орындаушыларға ҚР еңбек сіңірген қайраткері, маэстро Абзал Мұхитдин жетекшілік етті. 

Бұл қойылымда Джуляның рөлін театрымыздың жетекші солисі Салтанат Ахметова сомдаса, Дорвиль рөлін халықаралық «Astana Opera» академиясында тәлім алып жүрген танымал әнші Әлихан Зейнолла ойнап шықты. Жалпы опера-фарсты қоюда біздің әншілеріміз бар шеберліктерін көрсетіп, өнерін ортаға салды. Көрермендер ризашылықтарын білдіріп жатыр. Осындай жобалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз. Осы орайда біздің өнерімізге қолдау көрсетіп, ұжымға сенім білдірген компания басшылығына рақметімізді айтамыз, — дейді ол.

Ал «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжоловтың айтуынша, «Astana Opera» театрының Ақтөбе өңіріне келіп өнер көрсетуі — тарихта алғаш рет болып отырған жағдай. Бұған компания басшылығы өзі бастама көтеріп, атсылысқан. Әншілердің өнеріне тәнті болған компания құрамындағы Дөң тау-кен байыту комбинаты және Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкерлері қазір басшылыққа алғыстарын жаудырып жатыр.

Бүгінгі кеште біздің қызметкерлеріміз, металлургтер мен кеншілер ғана емес, өнерді бағалайтын барша тұрғындар бір серпіліп қалды. Мұндай кешке келген де, келмеген де арманда, — дейді компания басшысы.

Ақтөбеліктер «Жібек саты» операсын тамашалады

«Жібек саты» опера-фарсын тамашалауға келгендердің қатарында БАҚ саласының өкілдері де болды. Оларға кәсіби мерекелерінде ERG компаниясы арнайы шақыру билетін жіберіп, құрмет көрсеткен. 

 Керемет кештің куәсі болдық. Кәсіби мерекемізде операны тамашалап, уақытымызды қызықты, пайдалы өткіздік. Осындай кештің өтуіне мұрындық болған «Қазхром» акционерлік қоғамына, бізге ілтипат көрсеткен баспасөз қызметіне алғысымызды айтамыз, — дейді облыстық басылымның тілшілері.

Өзгелердің жаңалығы