Ақтөбеліктер жаңа оқу жылына дайын ба?

26 Тамыз 2024, 15:27
498
Бөлісу:
Ақтөбеліктер жаңа оқу жылына дайын ба?
Фото: автордан

Ақтөбе облысында биыл 18 мыңнан астам оқушы мектеп табалдырығын аттайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Әне-міне дегенше жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Қазір сауда орындарына барсаңыз, киім-кешек, аяқ киім, оқу құралдарын іздеген ата-аналар мен оқушыларды көресіз. Тіпті, Ақтөбе қаласындағы Орталық базар түгел оқу құралдары жәрмеңкесіне айналғандай...

Бір баланың «дайындығы» қанша тұрады?

Ақтөбе қаласының тұрғыны Биғайша Ізтілеуова үш баласы жаңа оқу жылына дайындалып жүргенін айтады. Көпбалалы ана Орталық базарға балаларына оқу құралдары мен мектеп формаларын алуға келіпті.

Төрт балам бар. Үлкені — студент. Ол киімін өзі сатып алады. Ал мектепте оқитын үш балама бүгін киім-кешек, оқу құралдарын сатып алуға келдім. Базарда адам да көп, зат та көп. Керек-жарағымызды тізіп, алып жатырмыз. Тек өкініштісі, іздеген дүниеміз табылғанымен, барлығының бағасы қымбат. Балалар арзан дүниені кигісі келмейді. Себебі қатарластарынан қалғысы жоқ. Шамамен бір балаға 120-130 мың теңге жұмсадым, — дейді қала тұрғыны.

Біз көпбалалы анамен бірге жүріп, оқушылардың киімдері мен оқу құралдарының бағасын бағамдап көрдік. Атап айтсақ, ұлдардың ақ жейдесі 3 мың теңгеден басталады екен. Классикалық шалбар — 7-10 мың теңге, пиджак — 10-13 мың теңге, жилет — 7-10 мың теңге, белбеу — 2-3 мың теңге, классикалық аяқ киім — 12-15 мың теңге, спорттық аяқ киім — 8-10 мың теңге тұрады. Ал қыз балалардың киіміне келсек, бантик — 500-1000 теңге, ақ блузка — 5-7 мың теңге, белдемше — 6-7 мың теңге, жилет — 8-10 мың теңге, сарафан — 9-10 мың теңге, пиджак — 15 мың теңге, туфли 12-15 мың теңге тұрады. Айта кету керек, бұл бағалар — Орталық базардағы орташа бағалар. Егер балаңызға қымбатын алғыңыз келсе, онда бұл бағадан екі есе қымбат киім сөрелерде толып тұр.

Көп балалы ана Биғайша Ізтілеуова үш баласына киім-кешек, аяқ киім мен оқу құралдарын түгел алды. Шамамен 350-360 мың теңге жұмсағанын жеткізді.

Көпбалалы отбасылар жаңа оқу жылында дайындалғанда көп қаржы жұмсайтыны анық. Алайда табатын табысы аз отбасыларға өте қиын. Менің жолдасым ауыр жүк көлігін жүргізеді. Табысы жақсы, дегенмен кей кездері ақша жетпейтін сәттер болады. Өзім балалармен отырып, жұмыс істемедім. Бүгін жолдасымның табысын жинап, балаларыма бар қажетін сатып әпердім. Олар да, мен де ризамын. Дегенмен баға күн санап шарықтап барады. Балалардың киімі ересектермен бірдей. Оқу құралдарының бағасы тіпті «ұшып» тұр. Қарап тұрсақ, бәрі сырттан келеді екен. Қаламсап пен өшіргішке дейін Ресейден шығарылған. Сонда отандық өнімдер қайда? Оларды қашан тұтынамыз? — деп ана назын жеткізді.

Шынымен де базардағы баға өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда қымбаттапты. Мәселен, былтыр оқушы сөмкесі 4,5-5 мың теңге болса, биыл 6-7 мың теңге тұрады. Бұл — ең арзаны. Көлемі мен әдемілігіне қарап таңдасаң, жақсы сөмкелер 9-10 мың теңгеден сатылуда. Одан кейін, қаламның бағасы 20-25 теңгеден басталады. Түрлі-түсті қарындаш — 600-800 теңге, қалың дәптер — 150-200 теңге, дәптер қабы (ішінде 20 дана) — 300-500 теңге, сурет салуға арналған альбом — 150-160 теңге, фломастер — 800-1000 теңге, өшіргіш — 70-100 теңге, желім— 80-100 теңге, ұштағыш — 50-70 теңге тұрады. Оқушы үшін ең қажет дүние — күнделіктің ең арзаны 500 теңге тұрады. Қымбаты 2000 теңгеге дейін барады. Ал қалам салып қоятын пеналдар 1500-1800 теңгеден сатылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, бір оқушының оқу құралдары шамамен 15-16 мың теңгеге шығады. Бұл — Орталық базардағы баға. Ал Ақтөбе қаласының оталығында орналасқан «Балалар әлемі» оқу құралдары дүкеніне барсаңыз, мұндағы баға едәуір қымбат. Себебі бұл — қымбат дүкен. 

Сондай-ақ қала орталығында орналасқан, көпшілік көп баратын «Keruen сity» сауда, ойын-сауық орталығында да, «Далида» сауда үйінде де оқушыларға қажетті киім-кешектер, құрал-жабдықтар сатылып жатыр. Кез келген ата-ана баласын ертіп келіп, осы орталықтардан қажетін алуына болады. Тек бұл жердегі бағалар біршама қымбаттау.

«Далида» сауда үйінің сатушысы Әсел Мұратбекқызы тамыз айының аяғына таман сауда орнында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылатынын айтады. Ол кезде бағалар біршама арзандайды. Алайда көп ата-ана жаңа оқу жылына ертерек қамданғанды дұрыс көреді.

Біздің сауда үйі ашылғалы екі-үш жылдан бері орталықта жаңа оқу жылы қарсаңында мектеп жәрмеңкесі өткізіледі. Бұл жерде мектеп формасының түр-түрі, оқу құралдары мен классикалық, спорттық киімдер сатылымға шығады. Бір ерекшелігі, тауарлардың көбі Түркия, Қырғызстан елдерінде шығарылған. Ал отандық өнімдердің қоры аз, — дейді Әсел Мұратбекқызы.

Оқушылар 100 пайыз оқулықпен қамтылады

Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, жаңа 2024-2025 оқу жылында облыста жалпы саны 433 мектепте 180 мыңнан астам бала оқитын болады. Оның ішінде 1-сыныпқа қабылданғандардың саны — 18 020.

Биыл облыстағы оқушылардың барлығы оқулықпен 100 пайыз қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда сатып алынған оқулықтар өңірге жеткізіліп жатыр.

Биыл облыстық бюджеттен оқулықтар сатып алуға 1,1 миллиард теңге қаржы бөлінді. Баспалармен 999,1 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Жалпы, өңірімізде жыл сайын оқушылардың саны көбеюіне байланысты 1-11 сыныптарға қосымша оқулықтар сатып алынады. Мәселен, жаңа 2024-2025 оқу жылына жаңартылған мазмұнға сәйкес басылымға 3-сыныптың оқулықтары жатады. Осы орайда 3-сынып оқушыларына 18 мың комплект салып алынуда. Жалпы, бүгінде өтінімдерге сәйкес 21 баспамен 175 келісімшарт жасалды. Олар облыстың барлық ауданы мен Ақтөбе қаласына оқулықтарды жеткізіп береді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, барлық оқулық бір жерге жиналады, сосын саналып, кейін мектептерге таратылады. Бүгінде басқарма тек оқулық қана емес, оқушылардың білімін тереңдетуге бағытталған қажетті көркем әдебиеттерге де тапсырыс береді. Мәселен, мектептерді қазақ, орыс және шетелдік классиктердің көркем әдебиеттермен қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдар аралығында облыс бойынша мектеп кітапханаларының кітапхана қоры 196 мыңнан астам көркем және қосымша әдебиет кітаптарымен толықтырылған. Ал биыл мектептердегі кітапхана қорын көркем және қосымша әдебиеттермен толықтыру үшін 18 500 дана көркем әдебиет алуға 66 млн теңге қарастырылған.

Оқулықпен қатар балаларды тегін тамақпен қамту да қазір басты мәселелердің бірі. Бұл орайда биыл 1-4 сынып және арнайы санаттағы отбасы балаларына тегін тамақтандыруды ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Биыл 1 қыркүйектен бастап облыс бойынша 79 590 оқушы тегін тамақтанатын болады. Сондай-ақ жыл сайын жаңа оқу жылының алдында әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балаларына көмек көрсетіледі. Мысалы, биыл 17 543 баланың ата-аналарының есеп шоттарына қаржылай (43 407 теңге көлемінде) көмек аударылды, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Мектептерде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

Биыл Ақтөбе облысында жалпы саны 50-ге жуық мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазір олар жаңа оқу жылына қызу дайындалып жатыр. Мәселен, бүгінге дейін өңірдегі 8 мектепке жүргізілген жөндеу жұмыстары аяқталса, 40-ының жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарлануда.

Биыл жаңа оқу жылына орай облыс мектептеріне жалпы саны 62 химия, биология, физика, STEM пәндік кабинеті сатып алынды. Сондай-ақ, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда орналасқан 56 мектепте кітапханалар, асханалар, пәндік кабинеттер жаңартылып, жаңа жиһаздар сатып алынды. Бірқатарына күрделі, тағы бір тобына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған 56 мектепке турникет, бейнебақылау, дабыл түймелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді, — дейді басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Лескенқызы.

Биыл облыстағы мектептерді жарақтандыру, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында 150 мектептің бейнебақылау жүйесі жаңартылмақ. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласындағы 72 мектепке «Алақан» бірыңғай жүйесі, 171 мектепке дейінгі ұйымға биометриялық сәйкестендіру жүйесі (Face ID) енгізіледі.

Бүгінде Ақтөбе облысындағы барлық мемлекеттік 403 мектеп, 203 балабақша, 24 колледж бейнебақылау жүйесімен қамтылған. Оның ішінде жедел басқару орталығына 242 мектеп, 70 балабақша және 17 кәсіптік білім беру ұйымының бейнебақылау камералары қосылған. Бұдан бөлек, 244 мектеп, 88 балабақша және 24 кәсіптік білім беру ұйымы дабыл түймесімен жабдықталған. Ал арнайы күзет қызметімен 153 мектеп, 26 балабақша және 18 кәсіптік білім беру ұйымы қамтамасыз етілген.

Айта кету керек, биыл облыста болған су тасқынына байланысты бірнеше ауданның оқушылары оқуларын дұрыс аяқтай алмады. Көбі қашықтан, сондай-ақ басқа мектептерге ауысып оқуға мәжбүр болды. Осы орайда биыл Ақтөбе облыстық білім басқармасы оқушылардың жазғы демалысын ерекше етіп ұйымдастырды. Мәселен, жазғы үш ай демалыста Ақтөбе облысы бойынша 154 мың бала жалпы саны 680-ге жуық лагерьде өз демалыстарын өткізді. Оның ішінде дені — мектеп жанындағы лагерьлер.

Нұргүл Бертілеуованың айтуынша, биыл басымдық су тасқынынан зардап шеккен, әлеуметтік осал топқа жататын, сондай-ақ көпбалалы отбасыларда тәрбиеленіп жатқан ауыл балаларына берілген.

Өкінішке қарай, биылғы тасқын кезінде облыста 14 білім беру ұйымы (6 балабақша, 7 мектеп, бір интернат) су астында қалды. Оның ішінде алты білім беру нысаны жаңа құрылысты қажет етсе, 8-іне қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда осылардың ішінде бір нысанның, атап айтсақ, Ақтөбе қаласындағы №72 ІТ-лицейінде жөндеу жұмыстары аяқталды, ал 7 нысанды жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін толық аяқталуы қажет, — дейді ол.

Биыл суға кеткен білім беру нысандарын қайта салу үшін Үкіметтен 6,2 млрд теңге қаражат бөлінген. Ал бір нысан (Ырғыз ауданы Нұра ауылында) жеке кәсіпкер қаражаты есебінен салынуда, құрылыс жұмыстары басталған. Қазір мектептерін су басқан аудандарда құрылыс жұмыстары аяқталғанша оқу процесін ұйымдастыру бойынша нақты шешімдер қабылдануда.

Жаңа оқу жылында Ойыл ауданындағы Екпетал негізгі мектебінің 52 оқушысы аудан орталығындағы Ойыл аграрлық колледжінде, Ырғыз ауданындағы Темірбек Жүргенов атындағы орта мектептің 26 бастауыш сынып оқушысы Сарыоба ауылындағы жаңадан салынған үйде, ал 5-11 класс оқушылары (56 бала) қолданыстағы заңнамаға сәйкес онлайн оқитын болады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Өзгелердің жаңалығы