Ақтөбеліктер Республика күнін қалай тойлайды?

14 Қазан 2022, 18:58
1683
Бөлісу:
Ақтөбеліктер Республика күнін қалай тойлайды?

Биылдан бастап қазақстандықтар 25 қазанда Республика күнін атап өтеді. Ұлттық мерекеге орай қазір Ақтөбе облысында өтетін іс-шаралар кешені жоспарланып отыр. Сонымен Ақтөбе облысында мереке қарсаңында қандай шаралар өтеді? Бұл туралы Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісіне Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Серік Қонақбаев айтып берді.

Басқарма басшысы орынбасарының айтуынша, биылғы мерекеге облыс халқы түгелдей атсалысуы керек. Себебі Президенттің арнайы қаулысымен бекітілген Республика күні қарсаңында өңірде жүзден астам шара өткізу жоспарланып отыр.

 Облысымызда Республика күніне арналған іс-шаралар қазан айында басталды. Бұл шаралар 25 қазанға дейін жалғасатын болады. Атап айтсақ,  облыс көлемінде биыл «Жанашыр жүрек» халықтық қайырымдылық акциясы, «Таза табиғат» экологиялық акциясы, «Қыран елім – Қазақстаным!» патриоттық акциясы, одан бөлек барлық мектептерде патриоттық тақырыпта диктант байқауы, Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбында эссе конкурсы, сондай-ақ «Тұғыры биік  Тәуелсіз Қазақстан» пікірсайыс турнирі ұйымдастырылады. Бұл шараларға өңірдегі барлық аудандар мен елді мекен түгел атсалысады, — дейді ол.

Оның айтуынша, Республика күніне арналған басты шара Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта 24 қазан күні өтеді. Сол шарада облыс, қала әкімдері халықты мерекемен құттықтап, бірқатар азаматтарды марапаттайды.

Бұл мерекенің біз үшін маңызы зор. Өздеріңізге белгілі, Республика күні елімізде 2009 жылға дейін атап өтіліп келді. Енді, міне, араға біраз жыл салып Мемлекет басшысының бастамасымен қайта ұлттық мерекелер қатарына еніп отыр. Осы орайда мен барша қазақстандықтарды ұлттық мереке — республика күнімен құттықтай отырып, облыс халқын аталған шараларға атсалысуға шақырамын. Бұл мерекеде біз ұлттық өнерімізді құрметтеп, өнер жолында жүрген азаматтардың әдемі әндерін тыңдап, жастарымызға ұлық мерекенің мән-маңызын түсіндіретін боламыз, — дейді басқарма басшының орынбасары.

Айта кету керек, қазір Ақтөбе облысында күзгі екі айлық өтіп жатыр. Осы аптада ақтөбеліктер аталған тазалық акциясына тағы да атсалысатын болады. Бұл жолы мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қала тұрғындары түгел сенбілікке шығып, өз аумақтарын күл-қоқыстан тазартады. Мереке қарсаңында тазалық акциясы белсенді түрде жүргізілмек. Себебі аталған шаралар таза, безендірілген, көрікті алаңдарда өткізілуі керек. Қазір осы мақсатта жоғарыда аталған екі басқарманың өкілдері қызу жұмыстанып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы