Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеліктер бірлік мерекесін тойлап жатыр

1 Мамыр 2025, 15:04
398
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Ақтөбе облысының барлық ауданында Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл күні басты шаралар облыс орталығындағы “Қазақ халқына мың алғыс” стеласы алаңында өтті.

“Халықтың қуаты — бірлікте” атауымен өткен шарада жергілікті тауар өндірушілер мен шаруа қожалықтарының басшылары жәрмеңкелер ұйымдастырып, қолөнершілер өз қолдарымен жасаған бұйымдарынан көрме өткізді. Сондай-ақ шарада облыстағы шығармашылық ұжымдары мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері өнер көрсетті.

Биыл — біз үшін мерекелі жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. Ал бүгін Қазақстан халқының бірлігі мерекесін атап өтіп жатырмыз. Біз үшін елдегі тұрақтылық пен татулық, бірлік бәрінен қымбат. Осындай елде өмір сүріп жатқанымызға, қазақ халқының дархан көңілі мен кеңпейілдігіне ризамыз. Өзім Ақтөбе өңіріне ата-анаммен сонау 1977 жылы көшіп келгенбіз. Содан бері осы өлкенің әр тасы мен тауы маған ыстық, - дейді “Шатлық” татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Эльвира Хабибуллина.

Мерекелік шарадан кейін ақтөбеліктер “Таза Қазақстан” акциясы аясында көшелерді, саябақтарды, скверлерді абаттандырып, тазалық жұмыстарын жүргізді.
Ал кешкісін “Қазақ халқына мың алғыс” стеласы алаңында “Ынтымағы жарасқан!” атты мерекелік концерт өтеді.

“Қоғамдық келісім” мекемесінің басшысы Дариға Исмағамбетованың айтуынша, Ақтөбе облысында 90-нан астам ұлттың өкілі тұрады. Өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясында 17 этнобірлестік және «халықтық», «үлгілі» атақтары бар 19 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. 

Биыл облыста 13 әлеуметтік жоба жүзеге асырылуда. Оның қатарында өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге бағытталған жоба да бар.

Өзгелердің жаңалығы