Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

16 Сәуір 2025, 12:18
830
Бөлісу:
Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?
PHOTO
Фото: автордан

Биыл ақтөбеліктер Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай облыста жүзге жуық іс-шара өткізеді. Бұл іс-шараларға Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі ерекше атсалысуда. Біз аталған музейдің директоры Жанар Мақсұтовамен алда ұйымдастырылатын шаралар мен музейдің жаңарған бүгінгі келбеті жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Ең алдымен Әлия музейіндегі құнды жәдігерлер жайлы айтып берсеңіз. Мұражай қорында батыр қыздың өзі қолданған дүниелер бар ма?

- Әлия Молдағұлова өз ғұмырында небәрі 19 жыл өмір сүрді. Ол анасынан ерте қалған соң нағашыларының қолында тәрбиеленді. Өкінішке қарай, ол бала кезінде нағашысының отбасында, кейін балалар үйінде тәрбиеленді. Сондықтан оның пайдаланған заттарының түпнұсқасы еш жерде сақталмаған.

Біздің музей осыдан 40 жыл бұрын ашылған, сол кезеңде музейді жасақтаушылар түрлі жәдігерлер іздеген. Қазір музейіміздегі ең құнды жәдігер — Әлияның майданда жүріп жазған 7 хатының көшірмесі. Бұл хаттардың түпнұсқасы Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивте сақталып тұр. Сондай-ақ Әлия Молдағұлова қаза болғаннан кейін оған берілген Кеңес Одағының батыры атағының грамотасы да біздің музей қорында сақтаулы тұр. Одан бөлек, Әлияның әкесіне берілген Алғыс хат та біздің қорымызда.

Өздеріңізге белгілі, іздестіру жұмыстары барысында алғашқы зерттеушілер Сейілхан Асқаров, Айза Нұрмағанбетовалар Әлия Молдағұлова жайлы біраз шығармалар жазды.

Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

1960-70 жылдары ғылыми қызметкерлер экспедицияға барған кезде 54-атқыштар дивизиясының командирлерімен кездесіп, олардың қолынан Әлияның суреттерін алған. Қазір сол суреттер музейіміздің қабырғасында ілулі тұр. Олар — Әлияның кішкентай кезіндегі және мергендік мектебінде оқып жүргендегі суреттері.

Жалпы, осы мемориалды музей ашылғанда батырдың тума-туыстары көп қолдау танытқан. Әбубәкір Молдағұловтың естеліктері, Сапура сіңлісінің берген заттары музей қорына қойылған. Одан бергіде Әлияны талай ақын жырлады, әндер жазылды, повесттер, әңгімелер жарияланды, суретшілер кескіндемеге дейін салды. Батыр қызға арналып кино да түсірілді. Солардың барлығы осы музейге қойылды. Қазір музейде жалпы саны 11 мыңға жуық экспонат бар. Оның ішінде Әлияның өмірі мен ерлік жолын зерттеп, кітап жазып, кино фильмнің түсірілуіне мұрындық болған журналист-жазушы Сейілхан Асқаровтың жинақтаған материалдары музейіміздің алтын қорын құрап отыр. Бүгінде музей жастарға әскери-патриоттық тәрбие берумен қатар, ақтөбелік батырлардың есімін жаңғыртып, соғыс тарихына қатысты естеліктерді, құжаттарды жиып-теріп отырған орталыққа айналды. Ақтөбелік соғыс ардагерлерінің орден-медальдары мен құжаттары музейдің құнды жәдігерлерін құрап отыр. Одан бөлек, Әлия Молдағұлова туралы және соғысқа қатысты материалдарды жинақтап, зерттеу мақсатында 1989 жылы музей жанынан “Әлия” іздестіру тобы құрылған. Қазір осы іздестіру тобы тапқан бұйымдар музейдің төрінен орын алып тұр. Олардың қатарында автомат, пулемет, гранаталар мен патрондар, каска, медальон, әскери ыдыстар және өзге де заттар бар.

- Қазір Әлияның көзі тірі жақындары қайда тұрады?

- Әлияның туыстарынан бүгінде Алматы қаласында тұратын Әбубәкір Молдағұловтың Баян атты қызы бар. Ал Ақтөбе қаласында Әбубәкір ағамыздың Сапар баласы бар. Ол кісі бүгінде 80 жасқа келді. Одан бөлек, нағашысы, жақсы араласқан туысы Бейсенбай Хабиевтің қызы Әлия Бейсенбайқызы бар. Жалпы, Бейсенбайдың балалары осы қалада тұрады. Сондай-ақ Әлияның өз әкесі жағынан сіңлісі Тәжен Жаңабергенова да Ақтөбеде тұрып жатыр. Осы туыстарының барлығы бүгінде біздің музеймен тығыз байланыста. Олар барлық іс-шараларға келіп, қатысады.

Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

- Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай биыл Ақтөбе облысында жүз шара өткізу жоспарланған екен. Басты шаралар қай айда өткізіледі? Қазіргі дайындықтарыңыз қалай?

- Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар биыл оның туған күні — 15 маусымда өтеді деп жоспарлануда. Қазір батыр қыздың өмір жолы мен ерлігіне арналған кітап жасақталып жатыр. Кітаптың тұсаукесері 15 маусымға жақын өтеді. Ал басты шаралар Ресей Федерациясының Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосокольники, Вятск, Рыбинск қалаларынан, еліміздің Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Атырау, Орал қалаларынан тарихшылар, зерттеушілердің, іздестірушілердің қатысуымен өтетін “Ғасырларға жалғасқан ерлік” атты халықаралық форум аясында ұйымдастырылады. Аталған форумға Әлия рөлін сомдаған қырғыз актрисасы Айтұрған Темірова, Әлияның атымен аталатын Ресейдегі мектептер мен музейлердің өкілдері, Астана, Алматы қаласындағы туыстары шақырылады.

Форум барысында батырдың туған жеріне барып тағзым ету шарасын да ұйымдастырмақпыз. Сондай-ақ Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры Әлия Дәулетбаева жазған “Әлия” мюзиклін, ал Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония артистері “Легенда об Алии” аталатын музыкалық спектакль қояды. Қазір бұл ұжымдар осы қойылымдарға әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек, облыстағы білім, мәдениет, спорт салаларында Әлияға арналған түрлі жарыстар, ерлік сағаттары, танымдық шаралар өткізілуде.

Айта кету керек, Жеңістің 80 жылдығына орай 25 сәуірде музейіміздің қызметкерлері “Халықаралық Естелік Вахтасы” атты “Жауынгерлік бауырластық” іздестіру тобымен бірлескен Ресей Федерациясының Новгород облысының экспедициясына қатысқалы отыр. Ол жерде қызметкерлеріміз қайта жерлеу жұмыстарына қатысады, соғыс кезіндегі іздестірушілер тобының жұмысын көріп, өзара тәжірибе алмасады.

Сондай-ақ Астана қаласындағы Әлия Молдағұлованың мемориалды кешені алаңында Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармониясы “Арайлы Ақтөбе” ансамблімен бірлесіп, “Әлия – батыр қызы халқымның” атты салтанатты шара және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мемлекеттік әскери-тарихи музейінде “Әлия – қаһармандық дастаны” атты музей қорынан жылжымалы көрме ұйымдастырылады.

Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

- Былтыр музейге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір музейде қандай жаңашылдықтар бар? Келушілер саны артты ма?

- Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына дайындық ретінде былтыр музейімізге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозиция қайта жасақталды. Қазіргі таңда музей ғимараты жаңаша кейіпке еніп, келушілердің қызығушылығын арттыруда. Мәселен, экспозициялар жаңа технологиялармен жабдықталды. Оның ішінде VR (виар) көзілдірікті мультимедиялық технология, цифрлық сторителлинг, 3D-mapping, жасанды интеллект арқылы жасалған голограмма, 3D анимация голографиясындағы Әлияның бейнесі, виртуалды промоутер, 3D форматтағы рельефті карта, бағдарламалық-интерактивті сенсорлық киоск бар.

Музейге келушілер аталған жаңа заманауи мультимедиялық технологиялар арқылы тарихты етене түсініп, соғыс жылдарының ауыртпалығын сезініп, сол кезеңге енгендей әсер алып жатыр. Әсіресе, жоғары оқу орнының студенттері мен мектеп оқушылары жаңа технологияларға ерекше қызығушылық танытып, сол арқылы Әлияның өмір жолы мен майдандағы оқиғаларын өздерінше оқып, зерделеуде.

Жалпы, жөндеу жұмыстары былтыр біздің облыстық мемориалды музейге ғана емес, батыр қыздың Қобда ауданы Әлия ауылындағы Мәдениет үйіне, патриоттық орталығына жүргізілді. Алдағы іс-шаралар аясында біз қонақтарды Әлия Молдағұлованың туған ауылына апарып, ол жерде бірқатар кездесулер өткізбекпіз.

Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

Биыл өткен жылмен салыстырғанда қайта жаңартылған музейге келушілердің саны артып отыр. Әсіресе, келуші жастардың легі көп. Музейімізде экскурсияның ұзақтығы — 45 минут. Студенттер мен оқушылар алдын ала жазылып келіп жатыр. Кіру — тегін.

Ал жалпы жылына музейде 40 мыңнан астам келуші тіркеледі.

- Әлия Молдағұлова атындағы облыстық мемориалды музейдің жеткен жетістіктері жайлы айта кетсеңіз.

- Музейдің іргетасы 1985 жылы қаланған. Алғашқы директоры Сәбит Баймолдин болды. Музейдің негізгі функциясы — Әлия Молдағұлованың өмір жолы мен ерлігін дәріптеу, ерлік сағаттарын өткізу, музейге келушілерге мағлұмат беру.

Бүгінде мұнда 11 мыңға жуық экспонат болса, олардың қатарында Әлияға қатысты жәдігерлерден басқа, соғыс уақытындағы құжаттар, Ақтөбе облысынан майданға аттанған азаматтар жайлы мәліметтер сақталған. Музейімізде 9 қызметкер бар. Олар соғыс ардагерлерінің ұрпақтарына мәліметтер тауып, жинақтауға көмектеседі. Сондай-ақ музейімізде облыстағы 101-атқыштар бригадасы мен 312-атқыштар дивизиясы туралы мәліметтер жасақталған екі бұрыш бар. Бүгінде Қобда ауданы Бұлақ ауылында музейіміздің бөлімі жұмыс істейді.

Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

Біздің мұражайдың ерекшелігі сол, мұнда оқушылар мектепте берілмейтін тың мағлұматтарға қол жеткізеді. Сондықтан ерлік сағаттары жастарды танымдық жағынан білімін жетілдіруге мүмкіндік береді. Бұл орайда марқұм Ғалымжан Байдербес ағамыздың еңбегі зор еді. Ол кісі жыл сайын Жеңіс күні қарсаңында жастарға тарихи-мәдени, танымдық кездесулер, дөңгелек үстелдер өткізетін.

Жалпы, Ақтөбе қаласында Әлияның атымен байланысты нысандар жетерлік. Мәселен, ағайынды Жұбановтар көшесінде Әлия Молдағұлованың ескерткіші, Шернияз көшесінде батыр қыздың бюсті бар. Одан бөлек, Әлия Молдағұлова атындағы үлкен даңғыл мен халықаралық әуежайымыз тағы бар.

Сөз соңында айта кету керек, жуырда батыр қыздың 100 жылдығына арналып өңірімізде республикалық «Мерген ару» байқауы өтті. Оған еліміздің 15 өңірінен 64 қатысушы келіп, қатысты. Тіпті, байқауға Семей, Өскемен қалаларынан арнайы келгендер де болды. Үш күнге созылған шара Ақтөбе қаласындағы №55 орта мектеп-гимназиясы базасында өтті. Осы іс-шарадан түйгенім — біздің жас өрендеріміз өжет, алғыр, намысшыл болып өсіп келеді. Жас қыздарымыз Әлиядай мерген, ержүрек болуды армандайтынын жеткізді.

Ақтөбеліктер Әлия Молдағұлованың 100 жылдығын қалай атап өтеді?

Ел болашағы – жастардың қолында десек, ол үшін біз жастарымызды елге адал қызмет ететін білікті маман, айбынды азамат, Отан тарихына аса құрметпен қарайтын патриот етіп тәрбиелеуге тиіспіз. Алдағы уақытта республика, облыс көлемінде өтетін шаралар, міне, осы мақсатты көздейді. Сондықтан барша қазақстандықтарды биылғы Жеңістің 80 жылдығы мен Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған іс-шараларға белсене атсалысып, өз үлесін қосуға шақырамын.

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы