Ақтөбелік кәсіпкерлер электр энергиясының тарифін төмендетуді талап етті

30 Қыркүйек 2024, 20:05
419
Бөлісу:
Ақтөбелік кәсіпкерлер электр энергиясының тарифін төмендетуді талап етті
Фото: pixabay.com

Ақтөбе облысында былтырдан бері электр энергиясының тарифі бірнеше рет өсті. Бизнес өкілдері осыған байланысты өз наразылықтарын білдіріп, тарифтерді төмендету мәселесін қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл мәселе бүгін облыстық мәслихатта өткен комиссия отырысында қаралды.

Ақтөбе облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Дидар Боранқұловтың айтуынша, бүгінде палатаның бақылауында бірнеше өзекті мәселе болса, соның бірі — электр энергиясының тарифі.

Біз облыстағы электр энергиясын бірыңғай сатып алушыдан сатып алу бағасын ескере отырып, электр энергиясына тарифтерді төмендету мәселесін қайта қарауды ұсынамыз. Қазір өңірдегі кәсіпкерлер осы мәселеге байланысты өз пікірлерін білдіріп, наразылық танытуда. Оған себеп те бар. Олай дейтініміз, электр энергиясының құны жыл сайын бірнеше рет өзгертіліп, қымбаттап жатыр. Одан бөлек, облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымының басшылары 5 санат бойынша маусымдық жұмысшылар санының аздығына, квота тапшылығына байланысты шағымдарын айтуда. Осы орайда біз Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан ауыл шаруашылығы құрылымдарынан өтінімдер жинау жұмыстарын бақылап, қамтамасыз етуді, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұсыныс хат жолдап, Ақтөбе облысына 5 санат бойынша жұмысшылар квотасы санын ұлғайту мәселесін шешіп беруді сұраймыз, - деді ол.

Палата директорының айтуынша, қазір өңірде жергілікті тауар өндірушілерді қолдауда, оларға жағдай жасауда барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Бұл ретте биыл «Атамекен» кәсіркерлер палатасы облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасымен бірлесіп, өңірдің жер қойнауын пайдаланушыларымен шамамен 2 млрд теңгеге жергілікті өндірушілерді қолдау жөніндегі үшжақты келісімдер жасасқан. Мәселен, олардың қатарында «Сағыз Петролеум Компани» ЖШС, «Фирма Ада Ойл» ЖШС, «Алтиес Петролеум Интернэшнл Б.В» компаниясының Ақтөбе филиалы, «Каспий Нефть ТМЕ» АҚ, «КМК Мұнай» АҚ, «AltynEx Company» АҚ, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ және «Қазхром» ТҰК» АҚ, т.б. бар.

Биылғы екінші тоқсандағы рейтинг қорытындысына сәйкес, Ақтөбе өңірі шағын бизнес саласындағы сауалнама бойынша орташа республикалық деңгейден +0,21 пайызға жоғары болып, 4-орынды иеленді. Жалпы балл көрсеткіші — 3,19. Ал орта бизнес саласының сауалнамасы бойынша Ақтөбе облысы 13-орында тұр. Шағын бизнес өкілдері проблемаларды шешу, қолдау шараларын түсіндіру және мемлекеттік қызмет алу мәселелерін талқылау үшін әкімдіктің ашықтығын атап өтеді. Сауалнамаға қатысқандардың 32,4 пайызы атқарушы органдар бизнес мәселелерін шешуге күш салатынын жеткізді. Қазіргі таңда облысымызда орта бизнес үшін ең өзекті мәселелер — несие алудағы қиындықтар, жоғары пайыздар, салық жүктемесінің өсуі, кадрларды даярлау тапшылығы мен сапасы, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің жоғары тарифтері, - деді Дидар Боранқұлов.

Оның айтуынша, орта бизнес саласы өкілдерінің жұмысына жүргізілген талдаулар аясында Ақтөбе облысында өндіріс, сауда, денсаулық сақтау, құрылыс саласында бірқатар проблемалардың бар екендігі айқындалған. Мәселен, былтыр өңірде орта бизнес саласындағы кәсіпорындар 248,9 млрд теңгенің өнімін өндірген. Ал өңірлік өнімнің үлесі — 5,3%. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Сондай-ақ, өткен жылы осы салада 18 189 адам жұмыспен қамтылған. Дегенмен жүргізілген сауалнама облыста ауыл шаруашылығы саласында бірқатар мәселе бар екенін көрсеткен. Атап айтсақ, осы саладағы құрал-жабдықтардың тозу дәрежесі 44,1 пайыз болса, жаңару коэффициенті — 4,8 пайыз. Өндірісті жаңғырту үшін қаржыландыруға қажеттілік бар.

Тау-кен саласында арнайы техниканың, ұсақтау-сұрыптау қондырғыларының тозуы байқалады. Арнайы техниканы жаңғырту және сатып алу үшін мемлекеттік қолдаудың қаржы құралдары қажет. Ал өндіріс саласындағы жүктеме — орташа есеппен 68,3%. Негізгі құралдардың тозу дәрежесі — 40%.

Облыстың құрылыс саласында жер учаскелерінің тапшылығы байқалады. Салынған инвестициялардың 97,5 пайызы кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Құрылыс саласына арнайы қаржыландыру бағдарламаларының жоқтығын атап өтіп, саладағы бизнес өкілдері тиімді қолдау шараларын жасақтауды ұсынып отыр, - дейді Дидар Боранқұлов.

Биыл «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы консультативтік-құқықтық көмек бойынша кәсіпкерлерден 336 өтініш, бизнесті қорғау бойынша 69 шағым қабылдаған. Шағымдардың ең көбі ауыл шаруашылығы (20%), жер қатынастары (13%) саласына және мемлекеттік органдарға қатысты (12%). Бұдан бөлек, палатаға сатып алу, салық салу, энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларына да қатысты арыз-шағымдар түскен.

Сондай-ақ жыл басынан бері қадағалаушы және мүдделі органдар бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде 6 кәсіпкердің 978,6 млн теңгеге мүліктік құқықтары қорғалған.

Ал облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Алмас Салықбаевтың айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысы шағын және орта бизнес саласындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шарасы бойынша өңірлер арасында үздіктер қатарында тұр. Атап айтсақ, субсидиялау бойынша — 3-орында, кепілдендіру бойынша – 4-орында.

Биыл мемлекеттік бюджеттен қолдау шаралары үшін 14,7 миллиард теңге қаржы қарастырылған болатын. Осы қаржыға 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 1367 жобаға қолдау көрсетілді. Жоспар 80,4 пайызға орындалды. Өткен жылы 1637 жоба қолдау тапты. Егер қаржылай қолдау алған жобаларды аудандар бөлінісінде қарастыратын болсақ, ең үздік аудандар қатарында Хромтау, Мұғалжар және Алға аудандары бар. Ал жоспарға қол жеткізбеген аудандар: Ырғыз, Ойыл, Әйтеке би аудандары. «Бизнестің жол картасы бағдарламасы» бастау алғаннан бері облыста қолдау алған жобалар саны қарқынды өсуде. Мәселен, 2010 жылы небары 41 жобаға қолдау болса, бұл көрсеткіш 2022 жылы 4549 жобаға дейін өсті. Жалпы он екі жылда қолдау алған жоба саны – 12 068, - дейді басқарма басшысы.

Алмас Салықбаев бүгінде ақтөбелік кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған басымдықтардың бірі жетіспейтін инфрақұрылым тарту екенін айтады. Бұл орайда өңірде 2010 жылдан бастап 203 жоба мақұлданған. Бағдарламаның тиімділігі мен қолайлығына байланысты кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық жыл сайын артып келеді. Мәселен, соңғы үш жыл ішінде мақұлданған 82 жобаның 64%-ы, яғни 64 жоба ауыл шаруашылығы саласына тиесілі.

2023 жылы жетіспейтін инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде өңірлік үйлестіру кеңесі 5,9 миллиард теңгеге 22 жобаны мақұлдады. Оның ішінде үшеуі — республикалық бюджет жобасы. Ал биыл инженерлік инфрақұрылым бойынша өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы 552,0 миллион теңгеге 13 жоба мақұлданды.

Алайда 2023 жылдан бастап өңірлік үйлестіру кеңесі арқылы мақұлданған жобаларға қаржы қарастырылмай отыр, - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында 92,8 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оның ішінде жұмыс істеп тұрған субъектілердің саны — 84,2 мың.

Қазіргі таңда бұл салада 170,6 мың адам жұмыс істейді. Ал өндірілген өнім көлемі — 425,1 млрд теңге.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалпыға бірдей декларациялауды енгізуге байланысты шағын және орта бизнес саласындағы көрсеткіштердің төмендеуі байқалады. Бұл жұмыс істемейтін, нөлдік есептерді тапсыратын және жұмысы тоқтатылған кәсіпкерлік субъектілерінің жабылуы себебінен болып отыр. Алайда биылғы мамыр айынан бастап өңірде тіркелген және жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерінің саны өскен. Атап айтсақ, жыл басынан бері облысымызда 741 шағын және орта бизнес субъектісі тіркеліп, жұмыс істейтін нысандар саны 407 субъектіге артқан, - дейді Алмас Салықбаев.

Өзгелердің жаңалығы