Ақтөбелік ғалымдар қиярдың жаңа сұрпын ойлап тапты

19 Ақпан 2024, 20:01
516
Бөлісу:
Ақтөбелік ғалымдар қиярдың жаңа сұрпын ойлап тапты
Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ - архив

Әлия Молдағұлова деп аталған көкөніс жергілікті ауа райына төзімді келеді. Сондықтан шаруалар арасында сұранысқа ие боларына сенімді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қиярдың жаңа сұрпын шығару үшін ғалымдар үш жылға жуық еңбек еткен. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушылары алматылық әріптестерімен бірге көкөністің 5 түрлі тұқымын алып далада және жылыжайда кешенді тәжірибе өткізді. Нәтижесінде ауа райы күрт құбылмалы аймақтарда мол өнім беретін өсімдік тұқымын алудың сәті түсті.

Әлия Молдағұлова сорты тек Ақтөбе облысына аудандастырылған емес. Ол Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе облысы және басқа да облыстардың ауа райына өсіруге толығымен болатын сорттың қатарына жатады, - дейді биология ғылымдарының кандидаты Әлия Базарғалиева.

Ғалымдар тұқымның сапалы екендігіне сенімді. Себебі топыраққа түскен әрбір дәні жер жарып шығады. Өнімі де мол. Шыбын-шыркейсіз-ақ тозаңданатын қасиеті бар. Өсімдікті сұрыптау нәтижелі болғандықтан тиісті патент те берілді. Ендігі міндет – шаруаларға табыстап, нарыққа жетерліктей етіп өсіру.

Біз ғылыми зерттеуден өткен тұқымды алқаптарға себуге дайынбыз. Жергілікті бағбандар ашық аспан астында және жылыжайларға егіп, нәтижесін көрсе, ақтөбелік ғалымдар шығарған қияр тұқымына сұраныс жоғары болады деп ойлаймын, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Абтиев.

Қазір Ақтөбе облысында көкөніс өсіріп отырған 200-ге жуық шаруа қожалығы бар. Олардың 112-і қияр ексе, оның ішінде тек 30-ы ғана отандық ғалымдар сұрыптап шығарған тұқымды қолданып келеді.

Өзгелердің жаңалығы