Ақтөбедегі бала өлімі. Полиция тергеуді бастады

10 Маусым 2022, 17:43
2174
Бөлісу:
Ақтөбедегі бала өлімі. Полиция тергеуді бастады

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Кеше, 9 маусым күні Ақтөбе қаласындағы Есет батыр тұрғын алабында он екі жастағы баланың денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша баланы жыртқыш жануар талап тастауы мүмкін.

Бүгін осы оқиғаға байланысты Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жақсығали Иманқұлов пен Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағанбетов брифинг өткізді.

Кеше Есет батыр тұрғын алабының №3 шағын ауданынан табылған  баланың мәйітіне қатысты қазір облыстық полиция департаменті іс жүргізіп жатыр. Сот сараптамасы белгіленді, гистологиялық талдаулар да жүргізіледі. Жалпы бұл бағыттағы тексерулер 10-15 күнге созылады. Бүгінде бұл оқиғаға байланысты іс облыс әкімі мен департамент басшысының бақылауында, — деді Ж.Иманқұлов.

Ақтөбе облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ардана Саймағамбетовтің айтуынша, баланың мәйіті аталған аудандағы нысандардың бірінен табылған. Ал баланың жоғалғаны туралы департаментке шағым түнгі 00.00 шамасында түскен. Тергеу жұмыстарына байланысты баланың аты-жөні мен ата-анасы туралы ақпарат жария етілмейді.

Бала көп қан жоғалтқан, басы, денесінің жоғары және төменгі бөліктерінде жарақаттары бар. Яғни, зорлық-зомбылық белгісі анықталып отыр. Мәйіт табылғаннан кейін қылмыстық іс тіркелді. Бұл іс бойынша қазір сараптама тағайындалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала болжам бойынша балаға жыртқыш жануар шабуыл жасаған болуы мүмкін. Қазір сараптаманың қорытындысын күтіп отырмыз. Қорытынды дайын болған соң қосымша хабарлайтын боламыз, — деді Ардана Саймағамбетов.

Айта кету керек, мамыр айында дәл осы ауданда 13 жастағы қызды бұралқы иттер талап кеткен болатын.

Өзгелердің жаңалығы