Ақтөбеде жол-көлік апатына түскен балалардың денсаулығын нығайтуға елордалық дәрігерлер де көмектеседі, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
«Балалардың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Алты балаға ота жасалды. Үш бала бас жарақатын алған, бір баланың қол-аяғы сынған. Тағы бір баланың жағы сынған. Екі баланың іш қуысы тексерілді. Қан ағып жатыр ма, жоқ па деп. Астанадан дәрігер шақырудың қажеті жоқ. Дегенмен, Ана мен бала орталығынан келіп, қарайды. Нейрохирург, травматолог келіп, тексереді қосымша. Бір балаға бірнеше рет ота жасалған жағдай да болды. Ата-аналардың барлығы кірді, балаларын көрді. Күн сайын ақпарат беріп отырмыз. Олар үйге бармай, осында отыр. Алма-кезек келеді. Кешеден бері осында жүрміз»,- деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.
Айта кетейік, қазіргі кезде балалардың ата-аналары ауруханада отыр. Олар күні-түні осы жерде жүр. Ата-аналары журналистерге қандай да бір ақпарат беруге қарсы.
Осыған дейін Ақтөбеде оқушылар мінген минивэн аударылып, бір бала көз жұмғаны хабарланды.
Сондай-ақ Ақтөбеде оқушылардың көлік апатына ұшырауына байланысты тергеу жүріп жатқаны жазылды.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасынан балаларға операция жасалғаны хабарланды. Кейінірек жол-көлік оқиғасына түскен балалардың жаттықтырушысы ес-түссіз жатқаны айтылды.
Ал көлікті басқарған спорт мектебі директорының орынбасары екені белгілі болды.