Ақтөбеде «Жасыл ел» жасағы 2 мыңға жуық адаммен толығады

25 Маусым 2024, 17:53
247
Бөлісу:
Ақтөбеде «Жасыл ел» жасағы 2 мыңға жуық адаммен толығады
Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

Ақтөбе облысында 1856 адамды «Жасыл ел» жасағына жұмысқа орналастыру жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Облыста аумақтарды санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар жалғасуда. Оң нәтиже көрсеткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы одан әрі жалғасатын болады.

Экологиялық акцияның нәтижелері мен еңбек жасақтарының қызметі облыс әкімі Асхат Шахаровтың қатысуымен өткен жиын барысында қаралды.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жомарт Бақыткелдінің мәлімдеуінше, үш ай бұрын бастау алған акция аясында шамамен 214 мың тұрғын қамтылған. Қоғамдық демалыс орындары мен үй маңындағы аумақтарды жинауға депутаттар, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, жастар қатысты. Полигон аумағына 31 мың тонна қоқыс шығарылды.

«Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары да акция аясында аумақтарды тазалауға өз үлестерін қосып келеді. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мирхан Ермағанбетовтің мәліметі бойынша, осы маусымда «Жасыл ел» отрядтарына 1856 адамды тарту жоспарлануда. Жобаға 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар, жоғары сынып оқушылары мен студенттер қатысады. 1200 жас орман шаруашылығында көгалдандырумен айналысса, 656 жауынгер абаттандыру мен құрылыс алаңдарында жұмыс істейді. Жастар саябақтар, гүлзарлар, орман екпелері, жағалау аумақтары, бұлақтарды тазалайды, жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларын ретке келтіреді, ағаш отырғызады. Жастар ресурстық орталықтарымен бірлесіп, олар 28 экологиялық акция өткізді.

Асхат Шахаров құзырлы органдарға аймақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын одан әрі күшейтуді тапсырды.

Экологиялық акция аясында ғана емес, тазалық пен тәртіпті үнемі сақтау қажет. Сондықтан тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасады. Дегенмен, тазалықты сақтау – ортақ мәселе. Әр тұрғын бұған өз үлесін қосуы керек. Ең алдымен, азаматтар тазалық мәдениетін үйреніп, тәртіпті сақтай білуі және өз аумақтарында қоқыс тастамауы керек. Осыған байланысты халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. 2023 жылы «Жасыл ел» еңбек жасағына 2 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылды. Биыл біз еңбек жасағына 1856 адам қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бұрын отрядтарға қабылдау жыл бойы жүретін. Мұны тәжірибеге қайта енгізу керек. Бұл үшін қажетті қаражатты қарастыруды тапсырамын, - деп өңір басшысы бірқатар міндетті белгіледі.

Өзгелердің жаңалығы