Ақтөбеде жастарға арналған Smart-орталық ашылады

8 Ақпан 2023, 17:09
1432
Бөлісу:
Ақтөбеде жастарға арналған Smart-орталық ашылады
Фото: автордан

Биыл Ақтөбе қаласындағы С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында Smart-орталық ашылмақ, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазір аталған кітапхана ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге кітапхана облыстық «Алақай» қуыршақ театрының ғимаратына көшірілген.

Кітапхана директоры Гүлжайнар Қалдинаның айтуынша, жаңа ғимарат биыл мамыр айында ашылмақ.

Облыс әкімдігінің бастамасымен биыл Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында Smart-орталық ашығалы отыр. Бұл қала жастарының басын қосатын үлкен орталық болады. Қазіргі кітапхана орналасқан Тұрғындар қалашығы ауданы қаланың шеті болғанымен, бұл жерде қала жастары үшін ерекше жобалар жүзеге асырылмақ. Бүгінде демеушілер жастар арасында сауалнама жүргізіп, «қандай кітап оқығың келеді?», «кітапханада қандай кітап болғанын қалайсың?» дегендей сауалдар қойып жатыр. Осылайша көпшіліктің дауыс беруімен кітапханамыздың қоры тағы 5 мың кітапқа толығады, — дейді ол.

Кітапхана басшысының айтуынша, бүгінде бұл орталықта 90 мың кітап қоры бар, жеке тұлғалардың кітап қорымен қосқанда мұндағы кітап саны — 120 мың. 

Облыс әкімдігі бастамасымен қолға алынған орталыққа «Samruk-Kazyna Trust» корпоративтік қоры демеушілік етпек. Бұл жерде демеушілердің қолдауымен музыкалық

студия, дауыс жазу студиясы, тақырыптық кітап залдары, жастарды үйрететін ІТ бөлімі,

сондай-ақ кітапхананың жеке ауласында қолөнершілерге, ағаш, киіз басатын шеберлерге арналған жабдықтар орнатылмақ.

Студияның құрал-жабдықтарын кино, анимациялық фильм түсіргісі келетін жастар пайдалануына болады. Сонымен қатар мұнда электрондық кітаптармен қатар оқырмандарға кітап нұсқасы да беріледі. Smart-орталық жұмысына кітапхана мамандары жұмылдырылады. Олар арнайы оқудан өтеді, бағдарламаларды үйренеді. Себебі талап — қазіргі заманға сай жан-жақты маман болуы керек. Тағы бір айта кететін жайт, жастарға арналған осындай орталықтар болашақта Ақтөбе қаласындағы Өнер музейі мен Өнер орталығында да ашылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл жүргізіледі. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстың әр ауданында дәл осындай орталықтар болуы керек. Дегенмен мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін көп қаржы керек, — дейді Г.Қалдина.

Бүгінде С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында 27 қызметкер жұмыс істейді. Қазіргі кітапхана орналасқан ғимарат осыдан 8 жыл бұрын берілген болатын. Бастапқыда бұл ғимарат полиция бөлімшесі болған.

Айта кету керек, жалпы аталған кітапхана 1979 жылы құрылған, ал 2000 жылы оған Ақтөбеден шыққан белгілі ақын Сағи Жиенбаевтың есімі берілген. Мұнда негізінен жасөспірімдердің кітап оқуы үшін барлық жағдай жасалған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып пандус та орнатылған. Жаңа кейіпке енетін орталықта енді қала жастары бас қосып, облыс көлемінде іс-шаралар өткізілмек.

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының деректеріне сүйенсек, биыл өңірде жалпы саны 20 мыңнан астам мәдени шара өткізіледі. Олардың қатарында Сұлтан Бейбарыстың туғанына — 800, Әбілқайыр ханның туғанына — 330, Сырым Датұлының туғанына — 300, Темірбек Жүргеновтің туғанына — 125, Тахауи Ахтановтың туғанына — 100, Өтебай Қанахиннің туғанына — 100, Нұрсұлу Тапалованың туғанына 100 жыл толуына арналған іс-шаралар бар. Сонымен қатар өңірде бірқатар жаңа жобалар жүзеге асырылып, облыстық театрлар көрермендер назарына жаңа спектакльдер ұсынады.

Өзгелердің жаңалығы