Ақтөбеде «жарылғыш зат қойылды» деген 4 оқу орны тексерілді

31 Мамыр 2022, 17:02
1330
Бөлісу:
Ақтөбеде «жарылғыш зат қойылды» деген 4 оқу орны тексерілді

Ақтөбе облысы. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін, 31 мамыр күні, сағат 12.30 шамасында Ақтөбе облыстық полиция департаментінің электронды поштасына Ақтөбе қаласындағы оқу орындарының ғимараттарына бомба қойылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Барлық шұғыл қызметтер мен саперлер тобы дереу оқиға орнына шықты, дегенмен еш жерден жарылғыш заттар табылған жоқ. Қазір осы бағытта жедел іздестіру-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ерболат Сарқұловтың айтуынша, департамент өкілдері хабар түскен бойда ғимараттарда жарылғыш құрылғылардың бар-жоқтығын тексеру үшін арнайы операция ұйымдастырған. 

Тексеру кезінде Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Экономика және статистика академиясының Ақтөбе филиалы және Малкеждар Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының студенттері, оқытушылары мен барлық қызметкері шығарылды. Тексерулер нәтижесінде ешқандай жарылғыш құрылғы табылған жоқ. Қазір облыстық полиция департаменті анонимді хабарламаны жіберген адамы анықтау және ұстауға бағытталған жедел іс-шаралар жүргізіп жатыр, — деді ол.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабы «Терроризм актісі туралы жалған хабарлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған бап бойынша қылмыскер бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.

Біз «жарылғыш зат қойылды» деген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің әкімшілігіне хабарластық. Қазір бұл оқу орнында оқу процесі қалыпты жағдайда жүріп жатыр екен.

Университет ғимараттарына бомба қойылғаны туралы хабарламаға байланысты 12.30-13.00 шамасында оқу орнына шұғыл қызметтер тобы келіп, тексеру жүргізді. Студенттер мен қызметкерлер қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Жарылғыш құрылғылар табылмағаны туралы хабардан кейін, шамамен 14.30-дан бастап оқу процесі мен жұмыс күні әдеттегідей жалғасты. Қазір университет ғимараттарында жағдай қалыпты, ешқандай алаңдаушылық жоқ, — деді университеттің маркетинг және коммуникация департаментінің директоры Меруерт Бүркітбаева.

Өзгелердің жаңалығы