Ақтөбеде түрмеге тыйым салынған затты дронмен жеткізбек болғандар ұсталды

16 Сәуір 2023, 13:09
988
Бөлісу:
Ақтөбеде түрмеге тыйым салынған затты дронмен жеткізбек болғандар ұсталды
Фото: polisia.kz

Ақтөбеде түзеу мекемесінің қызметкерлері тыйым салынған заттарды дрон көмегімен мекеме аумағына кіргізуге жол бермеді, деп хабарлайды BAQ.KZ polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №8 түзеу мекемесінің жедел бөлімінің қызметкерлері және Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің іргелес аумағын патрульдеу кезінде тыйым салынған заттардың мекеме аумағына ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппаратының (дрон) көмегімен кіргізуге жол бермеді.

Жергілікті уақыт шамамен 00.35 шамасында түзеу мекемесінің тұрғын аймағының күзет бақылаушысынан радиостанция арқылы келесі бір тұрғын аймақтың үстінде 35-40 метр биіктікте дрон аппараты шамамен 40-45 секунд тұрғаны және келесі бір учаскеге қарай бет алғаны, содан кейін белгісіз жерге жасырылғаны жөнінде хабарлама түседі.

Осы факті бойынша Ұлттық ұлан 6655 әскери бөлімі бойынша кезекші “102” жедел басқару пультіне хабарлады. Жедел жеткен патрульдік қызмет экипажымен бірге түзеу мекемесі бастығының кезекші көмекшісі мекеменің іргелес аумағы бойынша айналма жолды толық тексерді. Олар №9-10 бекетке жақын жерде жүк тұрағының жанында тұрған LADA Priora көлігінде отырған 30 және 29 жастағы азаматтарды ұстады.

Оқиға орнына Ақтөбе қаласының Астана ауданының №1 жедел-тергеу тобы шақыртылды. Автокөлікті тексеру кезінде дронның қорабы және басқару пульті, сондай- ақ насыбайға ұқсас жасыл түсті заттың 5 қорабы табылды. Аталған факт мекеменің ақпаратты есепке алу кітабына тіркеліп, процессуалдық шешім қабылдау үшін материал Ақтөбе қаласының Астана ауданының №1 қалалық полиция бөліміне жіберілді, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Руслан Уразбаев.

Өзгелердің жаңалығы