Ақтөбеде сұранысқа ие өнімдер шығарылады

20 Қазан 2022, 20:51
1767
Бөлісу:
Ақтөбеде сұранысқа ие өнімдер шығарылады
Фото: автордан

Бүгінде Ақтөбе облысында сапалы, сұранысқа ие тауарлар шығаратын, шетелдерге өз өнімдерін экспорттайтын кәсіпорындар жетерлік. Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі мереке қарсаңында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған пресс-тур аясында аталған кәсіпорындардың жұмысымен танысқан еді. 

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өкілі айтуынша, биыл жыл басынан бері қор өңірдегі кәсіпорындарға жалпы құны 44,3 млрд теңге болатын 1400-ден астам жобаға пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткен. 

Облыстағы кәсіпкерлер биыл «Даму» қорының кепілдігімен жалпы құны 17,5 миллиард теңгенің 1295 жобасын жүзеге асырды. Мәселен, «Даму» қорының қолдау құралдары арқылы биыл тоқыма бұйымдарын шығаратын «А-Textile» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, резеңке бұйымдарын шығаратын «Bigness» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, керамикалық бұйымдар шығаратын «Зерде Керамика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі көп көмек алды. Бұл кәсіпорындар облыста ондаған дамды жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың кәсіби дамуына, сондай-ақ отандық өнім өндіруде облыстың экономикасына өзіндік үлес қосып отыр, — дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының директоры Айнагүл Байдәулетова.

Ақтөбе қаласында орналасқан «А-Textile» ЖШС — бүгінде өңірдегі тоқыма бұйымдарын шығаратын бірегей кәсіпорын. Мұнда қазір 60-тан астам адам жұмыс істейді. Серіктестіктің жылдық қуаттылығы — 250 мыңға жуық өнім. Фабрикасында ер және әйелдерге арналған футболка, спорттық киімдер, балаларға арналған спорттық киімдер мен пижамалар тігіледі.

Бұл кәсіпорын «Даму» қоры арқылы несиеге 85 пайыз көлемінде кепілдік алып, өз жұмысын дамытып келеді. Серіктестік «ДКБ-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында тігін машиналарын сатып алған. Қазір сол машиналармен жұмысшылар үздіксіз іс тігіп, кәсіпорынның қуаттылығын арттырып отыр.

Сондай-ақ облыста бірегей өнім шығаратын кәсіпорындардың бірі — «Bigness» ЖШС. Бұл серіктестік қазір резеңкеден әр түрлі бұйымдар шығарып отыр. Кәсіпорын өз өнімдерінің арасында тұтынушыларға майлы тығыздағыш, манжет, тығыздағыш сақина, техникалық пластина, қалыпталған және қалыпталмаған резеңке бұйымдары сияқты кең ассортиментін ұсынады. Бұл кәсіпорын да мөлшерлемесі 19 пайыз болатын несие рәсімдеген. Оның 6 пайызын кәсіпорын басшысы төлейтін болса, қалғанын «Даму» қоры субсидиялайды.

Биыл бұл серіктестік өңір бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясын иеленді.

Ал «Ақтөбе» индустриалдық аймағында орналасқан «Зерде-Керамика» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін білмейтін ақтөбеліктер кемде-кем.

Біздің серіктестік Ақтөбе облысындағы керамикалық бұйымдарды шығаратын жалғыз кәсіпорын. Біз жылына 2 миллион шаршы метр керамика бұйымдарын өндіреміз. Кәсіпорын түгелімен италиялық техникамен жабдықталған. Сапалы жабдық сапалы әрі мол өнім шығаратыны анық. Сондықтан Қазақстанда мұндай техникалардың баламасы жоқ деуге толық негіз бар. Біздің серіктестік пандемия кезінде біраз шығынға ұшырады. Дегенмен қазір қуаттылығымызға сәйкес қарқынды жұмыс жасап жатырмыз, — дейді кәсіпорын басшысы Ерлан Тілеуқабылов.

Сұранысқа ие, сапалы керамикалық бұйымдар бүгінде Қазақстаннан бөлек, көрші елдерге де экспортталады. Ал өндіріске қажет шикізат Түркия, Украина, Ресей елдерінен жеткізіледі. 

Айта кету керек, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған серіктестік қазір өңірдегі тұрақты жұмыспен қамту жағынан үлкен жобалар қатарында тұр. Бұл серіктестікке кезінде 9,5 млрд теңге инфестиция тартылған.

Өзгелердің жаңалығы