Ақтөбеліктерді бірнеше жылдан бері толғандырып келе жатқан субұрқақтар мәселесі биыл шешімін таппақшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің инспекторы Талғат Наурызов айтып берді.
Оның айтуынша, алдағы мамыр айында облыс орталығында 16 субұрқақ іске қосылады. Тағы екеуі шілде айында іске қосылуы керек. Әзірге бұл екі жоба бойынша мердігер мекемелермен сот процесі өтіп жатыр. Сондай-ақ Абай гүлзарында орналасқан субұрқақ қайта жаңартылады.
Абай гүлзарындағы субұрқақ ескірген. Биыл қайта жаңартылады. Бұл жоба бойынша қазір құжаттамалар дайындалуда. Жаңа жобаға 213 миллион теңге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар биыл Ақтөбе қаласындағы субұрқақтарды күтіп-ұстау жұмыстарына 140 миллион теңге қарастырылуда. Қазір бұл жоба бойынша конкурс өтіп жатыр. Конкурста ұтқан компания қаладағы барлық субұрқақты күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізеді. Конкурс нәтижесі сәуір айының аяғында белгілі болады, - дейді ол.
Былтыр қалада субұрқақтардың дені жұмыс істеген жоқ. Тек үшеуі ғана бірнеше айға қосылды. Ал Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта жаңадан ашылған музыкалық субұрқақ бір жарым ай ғана жұмыс жасады. Бұл субұрқаққа бюджеттен 454 млн теңге қаржы бөлінген болатын.
Әбілқайыр хан даңғылында тұрамын. Бірнеше жылдан бері қаламызда субұрқақтар жұмысы тоқтап тұр. Былтыр үйге жақын орналасқан “Taksim” кафесінің жанындағы, Орталық стадион алдындағы субұрқақтар іске қосылмады. Бұрын балалармен бірге сол жерлерге серуендеп, салқындауға баратын едік. Өкінішке қарай, қазір қалада баратын жер қалмады. Одан бөлек, жаздай қала іші шаң, - дейді қала тұрғыны Зәмзә Шәріпқызы.