Ақтөбе облысында 10 493 адам қызылша жұқтырған. Қазір өңірдегі стационарларда 76 адам ем алып жатыр. Оның ішінде 67-сі — балалар, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр облыста қызылшамен ауырған балалардың саны күрт көбейді. Дәрігерлердің айтуынша, бұған басты себеп — балалардың дер кезінде екпе алмауы. Соның салдарынан өткен жылы Ақтөбе облысында 7587 жағдай тіркелді. Бұл ауырған науқастардың ішінде 1725-сі — 14 жасқа дейінгі балалар.
Өздеріңізге белгілі, 2022 жылы өңірімізде қызылша ауруы тіркелген жоқ. Былтыр ақпан айынан бастап осы індетті жұқтырған науқастардың саны күрт көбейді. Міне, бір жыл мерзім ішінде олардың саны 10 мыңнан асып отыр. Тіркелген қызылша ауруының 81,3 пайыздан астамы — қызылшаға қарсы екпе алмаған балалар. Олардың ата-аналары әртүрлі себеппен ауруға қарсы вакцина салдырмаған. Өткен жылдың 6 қарашасынан бастап облыста қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы 6-11 айлық балаларға, ал желтоқсан айынан бастап 2-4 жастағы балаларға қосымша жаппай иммундау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде қазіргі таңда өңірде 49 095 адам қызылшаға қарсы қосымша екпе алды. Екпе алғандардың ішінде екпеден кейінгі қолайсыз көріністер тіркелген жоқ, — дейді Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев.
Ақтөбе облысы бойынша балалар инфекционисі Жанар Омарованың айтуынша, жыл басында қызылшамен ауырған балалардың көбеюі олардың алдын ала екпе алмауынан болып отыр. Егер облыста балалардың 95 пайызы екпе алғанда мұндай жағдай болмаған болар еді.
Қазіргі таңда облыста балалардың 80 пайызына ғана екпе салынған. Әлі 15 пайызы екпе алуға тиіс. Алайда ата-аналар әртүрлі себептермен екпе алуға балаларын әкелмей отыр. Егер біз жоспарға сәйкес барлық баланы екпемен қамтысақ, онда аурулар саны азаяр еді. Бүгінде біз облыс бойынша аудандарды аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ал егілмеген балаларға келсек, олардың жасы — бір жасқа дейінгі балалар. Сондай-ақ қазір көп ата-ана вакцина салдыруға қорқады, ал кейбіреулері — жат ағымның жетегінде жүргендер. Олар дәрігерге қаралудан мүлдем бас тартады. Біз аудандарға барғанда аналармен әңгімелесулер өткізіп, оларға: «Балаларыңызға эксперимент жасамаңыздар» деп ескерттік. Дегенмен нақты нәтиже болмай отыр, — дейді балалар инфекционисі.
Оның айтуынша, қызылша — тез тарайтын жұқпалы ауру. Ол ауа тамшылары арқылы тарайды. Мәселен, бала көпшілік орындарға барса, оның оларға ауру жұқтыру қаупі жоғары. Ал аурудан қорғанудың жалғыз жолы — вакцина. Сондай-ақ өңірде ересектер арасында да қызылшамен ауырып жатқандар бар. Олар да кішкентай кезінде екпе алмай, індеттің алдын алуды ойламаған.
Жалпы, облыста ересектердің арасында тіркелген ауру жағдайлары өте сирек. Ал балаларды аурудан сақтау үшін алдымен көпшілік орындарға апармау керек. Дегенмен бұл тәсіл де көмектесе бермейді. Себебі бұл ауру тез тарайды. Мәселен, 9 қабатты үйдің бірінші қабатында тұратын отбасында балалар ауырса, онда міндетті түрде тоғызыншы қабаттағы балалар ауырады. Бұл індет «эстафеталық таяқша» тәрізді тез жұғады. Сондықтан ата-аналарға айтарымыз, екпе алыңыздар, — дейді Жанар Омарова.
Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген деректеріне сүйенсек, бүгінде өңірде бұл індетті жұқтырғандарға 327 кереует бөлінген. Оның 53-і — ересектерге, 263—і — балаларға және жүкті әйелдерге 11 кереует арналған. Қазіргі таңда қала шетіндегі Ақтөбе фтизиопульмонологиялық орталығының оңалту бөлімінде 76 адам емделіп жатыр. Оның ішінде 66 науқас — Ақтөбе қаласының тұрғындары.
Өткен жылдың қараша айынан бастап Ақтөбе облысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қызылшаға қарсы санитариялық-эпидемиялық және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» 2023 жылғы 1 қарашадағы №7 Қаулысына сәйкес, 6 айдан 10 ай 29 күнге дейінгі 6409 бала, 2-4 жастағы 36 484 бала, бұрын екпе алмаған 4107 балаға вакцина салынған. Сонымен қатар 2 мыңнан астам медицина қызметкері де екпе алыпты. Ал жалпы облыс бойынша қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау шарасына 72 400 вакцина доза сатып алынған.
Жоғарыда атап өткеніміздей, 2022 жылы облыста бірде-бір адам қызылшамен ауырмаған. Ал былтыр неге бұл індет өршіп кетті? Біз осы сауалды Мұхтар Сербаевқа қойып едік. Ол былай деп жауап берді:
Бұл аурудың өршуі өңірімізде қызылшаға қарсы жоспарлы түрде екпе салдыру науқанының дұрыс жүргізілмеуінен болып отыр. Мәселен, ел болып коронавирус инфекциясымен күресіп жүргенімізде, бұл мәселені ешкім зерттеп, қарамаған. Халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Соның салдарынан осындай жағдай қалыптасып отыр, — дейді ол.
Қалай десек те, биыл қызылшамен ауырғандар көбейіп отыр. Мәселен, Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлшат Есеналинаның екі қызы да қызылша жұқтырған. Екеуі де қазір орталықта емделіп жатыр, жағдайлары қалыпты.
Біздің бала кезімізде анамыз медициналық пунктке ертіп апарып, екпе салдыратын. Бала болғандықтан ба, не үшін ине салып жатқанын білмедік. Кейін бұл аурудың алдын алатынын естідік. Қазір де біз екпе салдырудан қашпаймыз. Алайда жауапты мамандар мен дәрігерлер дер кезінде түсіндіру жұмыстарын жүргізбейді. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын балаларға екпе салып жатыр дегенді естіген жоқпыз, — дейді ол.
Айта кету керек, қызылша жұқтырған балалардың көбі үйде емделеді. Ал ауруы асқынған және бір жасқа дейінгі балалар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Бүгінде Ақтөбе фтизиопульмонологиялық орталығында бір жасқа дейінгі он бала ем алып жатыр.
Қорыта айтқанда, өңірдегі жауапты дәрігерлер мен басқарма мамандары бұл жағдайға өздерін кінәлі сезінбейді. Ал ата-аналардың көбі вакцина салғызудан қорқатынын алға тартады. Олардың айтуынша, вакцинаның құрамындағы заттарды, оның қайдан шығатыны, нендей пайдасы барын дәрігерлер түсіндіріп айтпайды екен. Сонда кінә кімнен?...