Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін зауыт салынады

28 Қыркүйек 2022, 01:49
834
Бөлісу:
Ақтөбеде қой жүнін өңдейтін зауыт салынады

Ақтөбеде қой жүнін қабылдап, жылу сақтауға арналған материал дайындайтын зауыт салынады. Бұл құрылысты итальялық инвесторлар қолға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов «КazFeltec» ЖШС құрылтайшысы Әсет Тілеуовпен және итальяндық «Cormatex» компаниясының өкілі Люка Куерчимен іскерлік кездесу өткізді. Кездесу барысында кәсіпорын жетекшілері үй мен басқа да нысандарда жылу сақтауға арналған құрылыс материалының артықшылығы туралы айтты. Шикізат – қой жүні. Тараптар зауыт салу және іске қосу консорциумын құру туралы келісімге қол қойды.

Құрылыс материалдары қылшықты жүннен жасалады. Қазіргі таңда Ақтөбе облысында жыл сайын 3,5 мың тонна жүн жиналып, сұранысқа ие болмай қалып жатыр. Облыс әкімі жобаға оң баға беріп, жергілікті атқарушы орган тарапынан қолдау болатынын айтты. Әсіресе жүн жинауға қол ұшын созбақ.

Әрбір ауданда жинақтау пункттерін ашу мүмкіндігі қаралатын болады. Сатып алуды жүйелеу қажет. Жергілікті тұрғындардан сатып алуға басымдык беріледі, - деді Ералы Тоғжанов.

Инвестицияның жалпы көлемі 10 млн еуроны құрайды. Ақтөбе қаласында құрылысқа дайындық басталды. Алғашқы өнім 2023 жылдың күзінде шығарылады. Өндіріс іске қосылғаннан кейін бүкіл облыс бойынша шикізат қабылдау пункттерін есептемегенде, зауыттың өзінде 20-дан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

Өзгелердің жаңалығы