Ақтөбе облысында қауіпті қалдықтарды рұқсатсыз өңдеп, пеш отынын өндірген «Kazenergy» жеке кәсіпкерлігінің басшысы 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу дерегінше, кәсіпкер аумағы 10 мың шаршы метр өндірістік базада пайдаланылған майды, мұнай шламын және құрамында мұнай бар өзге де қалдықтарды өңдеген. Шикізат нафтамен араластырылған. Алайда оның қауіпті қалдықтарды өңдеуге қажетті лицензиясы мен экологиялық рұқсаты болмаған.
ҚМА мәліметінше, осылай өндірілген 11 млн литрден астам пеш отыны сатылып, 778 млн теңге қылмыстық табыс алынған. Сот кәсіпкердің өндірістік нысанын, көліктерін және банк шоттарындағы қаражатын тәркілеу туралы шешім қабылдады.
Агенттік өндірілген отынның ұлттық сапа стандарттарына сай келмегенін және құрамында зиянды химиялық заттар болғанын мәлімдеді. Оны пештер мен қазандықтарда жаққанда ауаға улы заттар таралуы мүмкін.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысында екі тұрғын лицензиясыз микроқаржылық қызмет жүргізіп, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастырғаны үшін сотталды.
Тағы оқи отырыңыз: Астанада автотұрақта бұрынғы күйеуі әйелін пышақтап өлтірді