Ақтөбеде қанша автокөлік заңдастырылды?

25 Қаңтар 2023, 16:00
1326
Бөлісу:
Ақтөбеде қанша автокөлік заңдастырылды?
Фото: Sputnik

Ақтөбе облысында екі күн ішінде 50-ге жуық адам шетелдік автокөліктерін тіркетіп, қолдарына мемлекеттік нөмірлерін алған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Ақтөбе облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығының басшысы Данияр Сарқұловтың айтуынша, бүгінде Ақтөбе қаласындағы 

мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында шетелдік автокөліктерін заңдастыруға келген халықтың қарасы көп. Бұл жерге келгендердің дені — «ресейлік» нөмірмен жүргендер.

Өздеріңізге белгілі, биыл шетелдік автокөліктерді заңдастыру акциясы 23 қаңтардан 1 шілдеге дейін жалғасады. Бұл біржолғы акция кезінде облыс тұрғындары өткен жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінген автокөліктерді бастапқы мемлекеттік тіркеу үшін 200 мың теңге төлем төлеп, өз аттарына тіркей алады. Ең бастысы, азаматтар сатып алған автокөліктер іздеуде болмауға тиіс, сондай-ақ басқа елдегі бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы керек, үшіншіден, кедендік тазартудан өтуі қажет. Сонымен қатар қолдарында автокөліктің барлық құжаттары болған жағдайда еш қиындықсыз автокөліктерін тіркей алады. 23 қаңтардан бері екі күн ішінде облысымызда 50-ге жуық жүргізуші өз көлігін тіркеп, мемлекеттік нөмірлерін алды. Қазір армян нөмірімен жүрген бірқатар жүргізушілер арасында түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Сондықтан айта кету керек, заңдастыру кезінде азаматтар Армениядан әкелген автокөліктерді де ол жақтағы тіркеуден шығармай-ақ, 200 мың теңге төлем төлеп, тіркей алады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстарда ешқандай мәселе жоқ, — дейді Д.Сарқұлов.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы басшысының міндетін атқарушы Самат Төлеуовтің айтуынша,  автокөліктерді тіркету үшін тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ, үйден еgov порталы арқылы өтініш қалдыруына болады.

Қазір Ақтөбе қаласында тұрғындардың ыңғайлылығы үшін №1, №2, №3, мамандандырылған және Алматы ауданы әкімдігі ғимаратында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтарында автокөліктерді заңдастыру бойынша өтініштер қабылданады. Бұл орталықтар жұмыс күндері таңғы 9.00-ден кешкі 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Қазір жүргізушілер тарапынан автокөліктерді тіркеуге байланысты сауалдарға орталық пен полиция департаментінің мамандары жауап беруде. Бұл тұрғыда облыста ешқандай мәселе, даурығу жайттары болған жоқ, — дейді ол.   

Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұрдәулет Қуанышбай — алғаш болып автокөлігін тіркетіп, қолына мемлекеттік нөмірін алғандардың бірі. Ол Орынбор облысынан әкелген автокөлігін тіркету үшін барлығы 215 мың теңге төлем төлеген. 

Халыққа қызмет көрсету орталығына келіп, көлігімнің құжаттары мен өтініш тапсырдым. Көп ұзамай, қолыма техникалық паспортым мен мемлекеттік нөмірімді берді. Ешқандай қиындық болған жоқ. Енді көлігіммен алаңсыз жүретін болдым, — дейді жас жігіт.

Ал қала тұрғыны Асанбай Мыңғұтов Ресейден әкелген автокөлігін тіркету үшін еgov порталы арқылы өтініш беріпті. Әзірге оның өтінішіне жауап келмеген. 

Бұл да халыққа жасалған қолдау деп түсінемін. Бұған дейін шетелдік автокөліктерді тіркетуге байланысты біраз мәселе болды. Көбіміз осы мәселеге алаңдап, «тағы қандай заң шығады?» деп уайымдағанымыз рас. Міне, енді еш алаңсыз бірнеше күнде автокөлігімізді тіркете аламыз. Бастысы, қалтаңда 200 мың теңге төлемің болу керек, — дейді ол. 

Айта кету керек, облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бүгінде Ақтөбе облысында 27 мыңға жуық ресейлік автокөлік жүр. Ал Армения мен Қырғызстаннан келген автокөліктердің саны белгісіз. Олардың нақты саны енді заңдастырудан кейін белгілі болмақ. 

Өзгелердің жаңалығы