Ақтөбеде мемлекетке залал келтірген шаруашылық басшысы тергеліп жатыр

3 Қазан 2023, 17:05
762
Бөлісу:
Ақтөбеде мемлекетке залал келтірген шаруашылық басшысы тергеліп жатыр
Фото: Арман Мухатов - архив

Ақтөбе облысында шаруа қожалығының басшысы 500 бас мал алу үшін несие рәсімдеуде алаяқтыққа барып, мемлекетке 541 млн теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірген, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басқармасының басшысы Жадан Бисенбиннің айтуынша, бүгінде Ақтөбе облысында агроөнеркәсіптік кешен саласында бюджеттік несиені, сондай-ақ субсидияға бөлінетін қаржыны жымқыру, алаяқтықпен ұрлау мәселесі өте өзекті болып отыр. Себебі жыл басынан бері осындай деректермен өңірде бірнеше қылмыстық іс тіркелген.

Биыл Ақтөбе облысына аталған салада барлығы 10 млрд теңге қаржы бөлінсе, оның 2,2 млрд теңгесі «Кең дала» бағдарламасына, 7,4 млрд теңгесі «Агробизнес» бағдарламасына бағытталды. Қазіргі таңда осы қаражаттың біразы игерілді. Атап айтсақ, «Кең дала»бағдарламасы бойынша бөлінген қаржы толығымен игерілсе, «Агробизнес» бағдарламасына бөлінген 7,4 млрд теңгенің 6 млрд теңгесі игеріліп отыр. Алайда облыста агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға осынша қаржыны бөлінгенімен, жыл басынан бері жалпы соммасы 800 млн теңгені құрайтын, мемлекетке залалы бар алты іс қозғалды. Ең сорақысы, «Аграрлық несие корпорация» акционерлік қоғамының басшыларының өздері бюджет қаражатын жымқырған. Қазір өңірде осы бағытта қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, «Аграрлық несие корпорация» акционерлік қоғамының Ақтөбе облысы бойынша филиалы басшысының бұрынғы орынбасары шаруа қожалығын пайдаланып, бюджеттік несиенің 96 млн теңгесін иемденген. Аталған дерек бойынша қазір әлгі азамат тергелуде.

Сонымен қатар биыл департамент жүргізген тексеру шаралары кезінде біз облыстағы Хромтау ауданында тұратын шаруа қожалығының басшысы «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 500 бас импорттық мал сатып алу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несие қаражатын алу кезінде алаяқтық жасағанын анықтап отырмыз. Бұл іс бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 190-бабы 4-тармағының 2-тармақшасы аясында қылмыс жасады деген күдікпен «Ж» есімді азамат ұсталды. Құқыққа қайшы әрекеттерімен бұл азамат мемлекетке жалпы сомасы 541 млн теңгеден астам ірі мөлшерде залал келтірген, - дейді Бисенбин.

Өткен аптада экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері «Аграрлық несие корпорация» АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалы мамандарымен кездесу өткізіп, осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін алдын алу жұмыстарын жүргізу керектігін жеткізген.

Біз өткен аптада осы мәселе бойынша кездесу ұйымдастырдық. Филиал қызметкерлері сол басқосуда құқық қорғау органдары мамандарымен пікір алмасты. Жалпы, бүгінде осындай жағымсыз жағдайлардың тіркелуіне байланысты біздің мекеменің мамандары құжаттарды рәсімдеуде ұқыпты болуға барын салып жатыр. Бір айта кететін жайт, қазіргі таңда мемлекет ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін жыл сайын мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, соған қаржы бөлуде. Алайда қаржы нақты мақсатқа жұмсалмай, біреулердің қалтасында кетіп жатыр. Бұл — өте өкінішті жағдай. Сондықтан қазіргі таңда біз шаруашылықтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Несиені рәсімдейтін заем алушыларды жан-жақты тексеру керек. Бұл орайда біз өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірге азаматтардың қаржылық сауатын арттыруға мән беретін боламыз, - дейді «Аграрлық несие корпорация» АҚ Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина.

Оның айтуынша, бүгінде облыстағы көптеген шаруа малды бағуды, егін егуді біледі, алайда компьютерге отырып, құжаттар рәсімдеуді білмейді. Сол себепті алдағы уақытта шаруалардың қаржылық сауаттылығын арттыру үшін облыс көлемінде оқу курстары өткізілсе, елімізде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық, жымқыру әрекеттері азаяды.

Біз Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті берген деректер бойынша Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне хабарласқан едік. Аталған бөлімнің басшысы да, мамандары да ауданға қарасты шаруашылықтың басшысына қатысты қылмыстық іс қозғалғанынан бейхабар болып шықты.

 Біз мұндай дерек бойынша іс қозғалғанынан бейхабармыз. Шаруашылықтар «Аграрлық несие корпорация» акционерлік қоғамынан лизингке техника алу үшін несие рәсімдейтін болса, біз оларға тек анықтама ғана береміз. Сондай-ақ субсидия алатын кезде ғана бізге жүгінеді. Жалпы, қаржы жымқыру бойынша ауданда бұл салада бұрын заң бұзушылықтар тіркелген емес. Биыл жыл басынан бері «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы Ақтөбе филиалынан бізге несиесін төлей алмай жүрген шаруашылықтар туралы ақпарат қана келіп түсті. Банктер олардың есепшоттарын бұғаттады. Жыл басынан бері ауданда екі-үш шаруашылық басшысына осы орайда ескерту жасалды, - дейді Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Асланбек Бурабай.

Оның айтуынша, Хромтау ауданында бүгінде 365 шаруа қожалығы, 19 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Олардың дені мал шаруашылығымен айналысады.

Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары мемлекетке залал келтірген шаруа қожалығының басшысы туралы толық ақпарат тергеу жұмыстары аяқталған соң берілетінін айтады.

Өзгелердің жаңалығы