Ақтөбеде мектеп есепшісі 389 млн теңге қаржы жымқырған

14 Сәуір 2023, 14:50
1280
Бөлісу:
Ақтөбеде мектеп есепшісі 389 млн теңге қаржы жымқырған
Фото: 7kun.kz

Ақтөбе қаласындағы мектептердің бірінің бас есепшісі өзіне 389 млн теңге артық еңбекақы аударған, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Бұл заңсыздықты Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті анықтап отыр.

Департамент басшысы Сәкен Қасымовтың айтуынша, мұндай заңсыздық облыстағы мекемелердің бірі аудитке ұсынған деректер нәтижесінде анықталған. Нақтырақ айтсақ, мектептің бас есепшісі 2018-2023 жылдар аралығында нақты жұмыс істеген уақытына төленетін тиісті еңбекақысына артық қаражат аударып отырған. Оның жалпы мөлшері 389 млн 219,5 мың теңгеге жеткен.

Мекеменің аудитке ұсынған деректеріне сәйкес, 2018 жылдан бері еңбекақыны төлеу тізімдемесі мен еңбекақыға аударылған төлем тапсырмасының тізімін салыстырғанда мекеменің бас есепшісі Б. есімді азамат өзіне жалпы мөлшері 389 миллион 219,5 мың теңге артық жалақы төлегені анықталып отыр. Яғни, мекемеде жұмыс жасайтын бас есепші бес жыл ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек Кодексінің 103-бабының 1-тармағына, 113-бабының 1-тармағына, 114-бабының 1-тармағына қайшы әрекетке барып, мемлекеттің қаржысын жымқырған, — дейді департамент басшысы.

Оның айтуынша, жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің мамандары облыста 48 аудиторлық іс-шара өткізген. Соның ішінде 47 іс-шара жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілеріне, ал бір іс-шара республикалық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік мекемеге жүргізілген. Нәтижесінде қызметкерлер жалпы мөлшері 5552,2 млн теңге болатын бюджет қаражаты және мемлекет активтерін қамти отырып, құны 4580,2 млн теңге болатын заңға қайшы бұзушылықтарды анықтаған. Оның ішінде 8,5 млн теңге қаржылық бұзушылықтар болса, 4571,7 млн теңгесі — рәсімдік бұзушылықтар.

Жыл басынан бері жүргізілген тексерулер нәтижесінде мөлшері 8,5 миллион теңгені құрайтын қаржылық бұзушықтардың 7,3 миллион теңгесі (86,0 пайызы) өтелді. Сондай-ақ биылғы жылдың бірінші тоқсанында камералдық бақылау аясында мөлшері 244664,7 миллион теңгенің 7046 лоты мен жоспар тармақтары қамтылды, оның ішінде 1325 лот бойынша 16997,5 миллион теңгеге бұзушылықтар анықталды. Осылардың нәтижесінде департамент тарапынан есепті кезеңде 22 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға заң аясында жалпы мөлшері 4,9 миллион теңгеге айыппұл салынып, барлық қаражат бюджетке өндірілді, — дейді ол.

Сондай-ақ биыл департамент тарапынан жүргізілген аудиторлық қызмет нәтижелерінің негізінде 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Жалпы жыл басынан бері Ақтөбе облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті 3 мемлекеттік аудит нысанының шығыс операцияларын тоқтатқан. Сонымен қатар департамент жіберген хабарламаларды орындамаған 12 лауазымды тұлғаға қатысты 103 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.

Өзгелердің жаңалығы