Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Ақтөбеде мәдениет саласы қалай дамып жатыр?

11 Маусым 2025, 18:04
483
Бөлісу:
 Мәдениет басқармасы
Фото: Мәдениет басқармасы

Ақтөбе облысында былтыр ”Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы аясында 7 нысанға жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисованың айтуынша, Ақтөбе облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарындағы ”Мәдениет объектілерімен және қызметтермен қамтамасыз ету” бойынша 2024 жылғы жоспар 88,5 пайызға орындалған. Нәтижесінде мәдениет объектілерін салу бойынша облыста 2 нысан бой көтеріп, 4 нысанның құрылысы аяқталған. Атап айтсақ, 150 орындық ауылдық клуб құрылысы Шалқар ауданы Мөңке би және Темір ауданы Жақсымай ауылдық округі Шұбарқұдық ауылында аяқталып, қолданысқа берілген. Сондай-ақ Темір аудандық архиві мен музей ғимараты және Ырғыз аудандық кітапханасының ғимараты пайдалануға берілді. Ал мәдениет нысандарын жөндеу бойынша 2024 жылы ғимараттарға 14 күрделі, 5 ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Күрделі жөндеу жүргізілген нысандар қатарында Мұғалжар ауданындағы Ембі қалалық мәдениет үйі, Егіндібұлақ, Қаракөл ауылдық клубтары, Қобда ауданындағы Әлия, Жарсай, Жарық ауылдық клубтары мен Ә.Молдағұлова атындағы патриоттық тәрбие орталығы, Хромтау ауданы Қопа және Никельтау ауылындағы клубтар, Әйтеке би ауданы Жамбыл және Жабасақ ауылдық клубтары, Алға ауданы Қарақұдық ауылдық клубы, Мәртөк ауданы Родниковка ауылдық клубы, Қарғалы ауданы Ащылысай ауылдық клубы бар. Сонымен қатар Ақтөбе қаласындағы Ә.Молдағұлова атындағы мемориалдық музейіне, Темір ауданы Қайыңды ауылдық клубына, Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов атындағы кітапханаға, Қарғалы аудандық орталықтандырылған кітапханаға, Мәртөк ауданы Сарыжар ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Ақтөбеде мәдениет саласы қалай дамып жатыр?

Бүгінде Ақтөбе облысында жалпы саны 473 мәдениет және өнер мекемесі бар. Оның ішінде басқармаға тікелей қарасты ведомтсводағы мекемелер саны — 45. Саладағы мәдениет қызметкерлерінің жалпы саны — 3347 адам. Былтыр өңірімізде барлығы 30 155 мәдени шара өтіп, оларға қатысушылар саны 3 миллион адамнан асты. Әсіресе, мәдени іс-шараларды ұйымдастыру барысында “Қазақстан Республикасы мәдени тұжырымдамасының 2023-2029 жылдарға тұжырымдамасын бекіту туралы”, “Өңірді дамыту жоспары”, “Креативті индустрияларды дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы” стратегиялық құжаттары басты негізге алынды. Өңірдегі ұйымдастырылатын шаралар бағыты алуан түрлілігімен ерекшеленеді, оның ішінде Ақтөбенің өзіндік брендіне айналып, республика көлемінде жоғары бағаланған имиджік мәдени іс-шаралар өткізілуде, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтьуынша, былтыр облыстағы жалғыз концерттік ұйым — Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өзі 345 мәдени іс-шара өткізген. Бірнеше жылдан бері балалар шығармашылығына арналған, олардың өнер жолындағы бастамасына жол ашып беруге бағытталған “Аққу-2024” би байқауы және өңірімізде алғаш рет Базарғали Жаманбаев атындағы “Алтын камертон” хор дирижерларының ашық І республикалық байқауы, VI Республикалық жас орындаушылар және халық аспаптары ансамбльдері мен оркестрлерінің “Ұлы дала мұрасы” фестиваль конкурстары ұйымдастырылды.

Ақтөбеде мәдениет саласы қалай дамып жатыр?

2024 жылы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның құрылғанына 80 жыл толуына орай ұжым мерейтойларын кең көлемде атап өтті.

Ақтөбенің мәдениет ұйымдары мен өнер адамдары қыркүйек айында Астана қаласында өткен V дүниежүзілік “Көшпенділер” ойындарының аясында Этноауылдағы мәдени шараларына қатысып, өңіріміздің ұлттық өнері мен мәдениетін жоғары деңгейде таныта білді. Ал "Алақай" қуыршақ театрында 465 қойылым ұсынылып, репертуары “Ат тұяғын тай басар!”, “Қош келдің, нұрлы мереке”, “Жаңажылдық ойжұмбақ” атты қойылымдармен толықты.

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының сахнасында 590 спектакль сахналанып, репертуары 9 жаңа қойылыммен толықты.

Бүгінде облыс музейлерінің қорында 211 240 жәдігер бар. 2024 жылы музейлер қоры 3857 экспонатпен толықты, оның ішінде сатып алынған экспонаттар саны – небәрі 57. Бұл ретте музейлерге сатып алатын экспонаттар санын арттыру қажет. Музей мекемелерінің алдындағы тағы бір басты міндет – ол музей қорындағы эсконаттарды цифрландыру. Экспонаттарды цифрландыру жұмыстары облыстық 3 музейде жүргізіледі. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес 3 облыстық музейдің (Ақтөбе облыстық тарихи өлкетану музейі, Ә.Молдағұлованың мемориалды музейі, облыстық өнер музейі) экспонаттар саны 140 947 дананы құраса, бүгінгі күнге 29 797 экспонат цифрлық форматқа көшірілді. Бұл көрсеткіш 3 облыстық музейдің барлық экспонат санын қосқанда 21,1 пайызға жетеді,- дейді А.Юнисова.

Оның айтуынша, былтыр Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемориалды музейі цифрландыру жұмыстары жоспарын 100%-ға орындаған. Мәселен, былтыр Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай мемориалды музейге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, экспозициясы заманауи технологиялармен жасақталды. Әлияның хат жазып отырған галлограммасы орнатылып, музей композициясының ерекшелігін айқындай түсті. Сонымен қатар Темір аудандық музейіне жаңа ғимарат құрылысы жүргізіліп, қазіргі таңда экспозиция жұмысы аяқталды, алдағы уақытта ашылуы жоспарлануда.

Музейлер арасындағы ынтымақтастық меморандум аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі Қызылорда және Атырау қалаларында “Алтын киімді Тасқопа көсемі” атты жылжымалы көрмелер, облыстық өнер музейі Түркістан облыстық “Ұлы Дала Елі” орталығында “Ақтөбе бояулары. Қала мен табиғат көрінісі” атты жылжымалы көрме, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі Алматы облысындағы Жамбыл Жабаевтың мемориалдық музейінде және SDU университетінде жылжымалы көрмелер ұйымдастырылды. Облыс музейлер осылайша халықаралық деңгейде – 2, республикалық деңгейде 5 шара өткізді. Атап айтсақ, облыстық тарихи-өлкетану музейі Кіші жүздің бас биі болған көрнекті мемлекет қайраткері Әйтеке Бәйбекұлының туғанына 380 жылдығына арналған “ХVІІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ елі: Әйтеке би заманындағы ұлттық құндылықтар және ұрпақтар сабақтастығы” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын және Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің филология факультетімен бірлесе “Қобыланды батыр жыры және ұлттық қаһармандық рух” атты халықаралық ғылыми конференциясын, “Қазақтың дәстүрлі тері өңдеу кәсібі: тарихи тәжірибе, қазіргі күйі және даму перспективасы” атты І республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың облыстық мемориалды музейі Қазақстанның халық қаһармандары С.Нұрмағамбетов пен Р.Қошқарбаевтың 100 жылдығы аясында “Батырлар ерлігі – ұрпаққа үлгі” атты республикалық тарихи-танымдық шарасын, облыстық өнер музейі “Білезік” атты зергерлер арасындағы және Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған “Қазақстанның индустриалды пейзажы” атты суретшілер арасындағы республикалық онлайн симпозиумдарын ұйымдастырып, музей қорлары 30 шақты жұмыспен толықты.

Ақтөбеде мәдениет саласы қалай дамып жатыр?

Қазақстанның халық әртісі, әлемге танымал музыкант жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған “Дүние дидарындағы Димаш” атты көрме мен түрколог ғалым, тіл ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбановтың туғанына 125 жыл толуына орай өткізілген “Алты Алаштың ардағы” атты тарихи-танымдық шарасы ақтөбеліктердің ерекше назарын аударды.

Алтынай Юнисқызының айтуынша, тұңғыш филолог, ғалым, түркітанушы Құдайберген Жұбановтың 125 жылдығына арналған шаралар өңірдегі кітапханаларда да кеңінен аталып өткен. Мәселен, “Құдайберген Жұбанов тағылымы – сарқылмайтын қазына” республикалық ғылыми жоба байқауы, академик Сақтаған Бәйішевтің “Сан қырлы ғалым” республикалық үздік ғылыми байқауы, зағиптар мен нашар көретін азаматтарға арналған “Салт–дәстүр – сан ғасырлық саф мұра” тактильді макеттер байқауы аталған кітапханаларда ұйымдастырылды.

Бүгінде облыстық және қалалық кітапханалардың ұйымдастыруымен өтетін “Кітап фестивалі”, “Ымырттағы кітапхана” шаралары келушілер арасында жоғары бағаға ие. Кітапханалардың жалпы кітап қоры 3 миллион 500 мыңнан асады. Оның ішінде атау саны – 1 миллион 500 мыңнан астам дана. Ал “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасы аясында сандық форматқа көшірілген кітаптың үлесі — 61 пайыз. Бүгінгі күнге дейін 111 309 құжат сандық форматқа көшірілді. 2024 жылы облыс кітапханаларына кітап сатып алуға 54438,6 мың теңге қаражат бөлініп, 60 968 жаңа кітаппен толықты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 19,5 пайызға жоғары, - дейді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, былтыр облыстық архивтеріне 3524 сақтау-басқару құжаттамасы, 3034 жеке құрам, 60 фото, 48 жеке тектік қор құжаттары — барлығы 6666 құжат мемлекеттік сақтауға қабылданған. “Цифрлы Қазақстан” бағдарламасын іске асыру бойынша Ақтөбе облыстық архивтері 468 қор, 107 238 істің 6 361 790 парағын цифрлық форматқа көшірген. Қызметтің ең негізгі бағыттарының бірі — азаматтар мен ұйымдардың әлеуметтік-құқықтық сұраныстарын орындау. 2024 жылдың 12 айында бұл орайда архивтерге 12 195 сұраныс түсіп, оның 228-іне — тақырыптық, 22-сіне — генеалогиялық, 11 945-іне әлеуметтік-құқықтық сұраныс жүргізілген.

“Ақтөбе облысының мәдени мұрасын зерттеу, сақтау, жаңғырту мен насихаттау” бойынша 2023-2025 жылдары жүзеге асыруға арналған Жол картасына сәйкес 2024 жылы археологиялық, этнографиялық зерттеу, халықтық сәулет өнері ескерткіштерін кешенді ғылыми зерттеу, өңіріміздің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған және ескерткіштерді қалпына келтіру бағыты бойынша жобалар жүзеге асырылған. Ғұн дәуірі ескерткіштерін зерттеу жобасы бойынша Әйтеке би және Қобда аудандарында, тас және палеометаллдар дәуірі ескерткіштері Мәртөк, Қарғалы аудандарында археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ақтөбе облысы аумағындағы араб графикалы тарихи ескерткіштердің (ХІХ-ХХ ғасырдың басына жататын құлыптастар) эпиграфикасын зерттеу жобасы Әйтеке би, Мұғалжар, Алға аудандары территориясында маусымдық далалық зерттеу жұмыстары жүргізілді.

Ескерткіштерді қалпына келтіру бағыты бойынша 2024 жылы Темір ауданындағы Досжан ишан мемориалдық кешенінің мешітіне, Қобда ауданындағы Қобыланды батыр мемориалдық кешеніне (кесене, музей, визит орталық), “Жел диірмен” ескерткішіне қайта қалпына келтіру жұмыстары және Байғанин ауданындағы Тасқабақ кешеніндегі Жұмағали ишан мешітінде консервация жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жол картасына сәйкес Мұғалжар ауданындағы Молдағазының Көк мешітін, Ырғыз ауданы Дүйсенбі аһун мешітін және Шалқар ауданындағы Матығұл кесенесін қайта қалпына келтіру үшін ғылыми-жобалық сметалық құжаттамалар әзірленді. 2024 жылы облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырханмен бекітілген жоспарға сәйкес қала және аудан аумағындағы барлық ескерткіштер балансқа алынып, тиісті жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Былтыр өңірімізде алғаш рет бойында өнері бар мүмкіндігі шектеулі балалар арасында “Ақтөбем – шексіз менің өнерім” фестивалі ұйымдастырылды. Бұл шара — мүмкіндігі шектеулі балаларға шектеусіз мүмкіндік сыйлаған мазмұнды, ерекші шаралардың бірі. Желтоқсан айында ұлттық құндылықты, оның ішінде ұлттық киімдерімізді дәріптеуге арналған “Сыбаға” этнофестивалінің аясында “Дәуір дефилесі” ұйымдастырылды. Ақтау, Алматы, Шымкент қалалары мен Ақтөбе қаласының танымал дизайнерлерінің қатысуымен ұлттық киімдердердің сән көрсетілімі, аукцион өткізілді. 2024 жылдың шілде айында 32 ұжымнан тұратын 7 этномәдени бірлестік шығармашылық орталыққа берілді. Орталық арқылы 4-17 жас аралығындағы балалар мен жасөсіпірімдерді тегін шығармашылық үйірмелермен қамтитын мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жүзеге асырылады. Бұл мақсатта бюджеттен 1 миллиард 190 миллион теңге бөлініп, оған 5903 үйірмелерге қатысуда. Жыл сайын “Ауыл — ел бесігі” бағдарламасы аясында мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы бағдарлама аясында 2024 жылы 7 нысанның күрделі жөндеу жұмыстары толықтай аяқталып, нысандар пайдалануға берілді, - дейді ол.

Аталған нысандар қатарында Қаракөл ауылының мәдениет үйі, Қобда ауданы Жарсай ауылдық клубы, Алға ауданы Қарақұдық ауылдық клубы, Әйтеке би ауданы Жамбыл ауылдық клубы, Хромтау ауданы Никельтау мәдениет үйі, Хромтау ауданы Қопа ауылдық мәдениет үйі, Мәртөк ауданы Родниковка ауылдық клубы бар. Сондай-ақ облыстық бюджет қаражаты есебінен 6 нысан күрделі жөндеуден өткен. Оның ішінде облыстық халық шығармашылығы орталығы, “Әлия” облыстық патриоттық тәрбие беру орталығы, Мұғалжар ауданы Ембі қалалық мәдениет үйі, Егіндібұлақ ауылдық клубы, Қобда ауданы Әлия ауылдық клубы, Қарғалы ауданы Ащылысай ауылдық клубы бар.

Ақтөбеде мәдениет саласы қалай дамып жатыр?

Бұдан бөлек, 2024 жылы Шалқар ауданы Мөңке би ауылында және Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында 150 орындық ауылдық клуб құрылысы, Ырғыз ауылында кітапхана құрылысы және Темір ауданы Шұбарқұдық ауылында архив мен музей ғимаратының құрылысы салынып, пайдалануға берілді. Ал биыл барлығы 3 нысанда құрылыс жұмыстары (Қобда ауданы Қарауылкелді ауылында 400 орындық мәдениет үйі, Ақтөбе қаласындағы «Нұр-Ақтөбе» тұрғын алабының аумағында кітапханамен біріктірілген Мәдениет үйі, Хромтау ауданы Хромтау қаласында музей мен архив құрылысы) жүргізілуде және 5 ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары (Темір ауданы Шұбарқұдық ауылдық клубы, Хромтау ауданы Қызылсу ауылдық клубы, Қобда ауданы Қобда ауылдық клубы, Қобда ауданы Жиренқопа ауылдық клубы, Ойыл ауданы Қараой ауылдық клубы) басталды.

Облысымызда 2023 жылдан бері Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының базасында креативті орталық жұмыс істейді. Бүгінде орталықта ашылған коммьюнити спейс, ІТ кабинет, анимация, комикс, тақырыптық - шығармашылық кабинеттер, дыбыс жазу студиясы мен фото аймақ қызмет көрсетеді. Бұл аталған кабинеттер жастардың зор игіліктерді тегін пайдалануға, креативті идеялар мен тың жобаларды жүзеге асыруға, жастардың таланттарын шыңдап, әлеуметтік желілерінде контент қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Makerspace орталығы жұмыс істейді. Бұл орталық көбіне инженерия, технологиялық бағыттағы қызығушылығы бар балалар мен жасөсіпірімдерге арналған. Бұл жерде балалар робот жасауға, компьютерлік бағдарламаларда жұмыс істеуге, футболка пен значоктарға сурет салу сияқты бағыттарда жұмыс істеуді үйрене алады, - дейді Алтынай Юнисова.

Оның айтуынша, қазіргі таңда облыстық халық шығармашылығы орталығын креативті орталыққа айналдыру бойынша түрлі бағыттағы кабинеттер ашуға назар аударылуда. Орталықта еркін форматта жұмыс істеуге бағытталған еркін аймақ, көрермен залындағы сахнаны кең ауқымда пайдалануға мүмкіндік беретін Movie Holl (Муви хол) жастарға жұмыс істеуге қолайлы Sweet Home 3D (Суеет Хоум 3Д), Adobe Іllustrator (Адоб иллюстратор), CorelDRAW (Корелдрау), Photoshop (Фотошоп) бағдарламалары орнатылған ІТ студия, дыбыс жазу орталығы мен әлеуметтік желілердегі контентті дамытуға арналған фотоаймақ, жас ақын-жазушылар мен айтыскерлердің басын қосатын "Сөйле" әдеби кабинеті, қазақтың жырын насихаттауға бағытталған “Ер Едіге” мектебі, жас суретшілер, жастар арасында ерекше қызығушылыққа ие қыш өнері, түрлі аспаптарда ойнауға мүмкіндік беретін (домбыра, қобыз, гитара, фортепиано, скрипка) инструментальді кабинет, би саласындағы жас мамандарға арналған Dance room (Дэнс рум), дарынды жастарға арналған дыбыс жазу сынды студия-кабинеттер жастар арасында жоғары сұранысқа ие болатыны анық.

Өзгелердің жаңалығы