Ақтөбеде көкөніс алқабы ұлғаяды

9 Сәуір 2023, 06:21
880
Бөлісу:
Ақтөбеде көкөніс алқабы ұлғаяды
Фото: 24.kz

Ақтөбеліктер көкөніс алқаптарын ұлғайта түспек. Нарықтың талабы да – осы. Өйткені облыс төңірегіндегі диқандар әзірге өңірді өніммен толықтай қамтуға қауқарсыз, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.

Мамандар қазір тұқым себер тың жерлерді игерумен қатар суармалы алқаптарды да көбейту қажет дейді. 

Ақтөбенің іргесіндегі құнарлы жерлерді игеріп, өнім алып отырған Батырбек Шәулен биыл да 60 гектарға жуық алқапты игеруім керек дейді. Оның 20 гектардан астамына картоп тұқымын салып, қалғанын қияр, қызанақ, қауын мен қарбыз сияқты көкөніс түрлеріне әзірлеп қойған. Жердің дегдуін күтіп жүрген кәсіпкер тиісті техника мен тұқымды әзірлеуге кіріскен.

Осы мына Ақшат ауданы, мына Пригородный деген бұрын, Кеңес үкіметі уақытынан да картопты осы жақтар өнімді жақсы берді. Үлкен жетістіктерге жетіп жүрді. Соған байланысты енді біздер де өзімізге биогумус жасап жатырмыз. Картоппен қамтамасыз етуге қауқарлымыз негізінде, – дейді кәсіпкер Батырбек Шәулен.

Ақтөбелік бағбандардар қазір жергілікті нарықтың 70%-ын қамтып отыр. Бұл салада шаруасын дөгелетіп отырған 150-ге жуық серіктестік 6 мың 200 гектар жерді игеріп келеді. Биыл қосымша тағы 150 гектар жерге картоп егілуі тиіс. Ал өзге көкөніске тиесілі алқап ауданы 200 гектарға өсіп, 4700 гектарға жетеді. Өнімнің бітік шығуын тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін суармалы алқаптың үлесін арттыру көзделіп отыр. Биыл 10 мың гектардан астам жер әзірленіп, тұқым себіледі.

Бүгінге 3,5 мың гектар жер аяқталды. Бұл, яғни Қобда, Ойыл, Мәртөк, Хромтау аудандарына тиесілі. Алдағы уақытта Қарғалы, Ақтөбе қаласында бұл жұмыстар жалғасатын болады, – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрбек Райымбаев.

Көктемгі егіс жұмыстарына 9,8 тонна дизель отыны бөлінген. Литрінің құны – 207 теңгеден. Бұл нарық бағасынан 20%-ке арзан. Бюджет есебінен 1 млрд 300 млн теңге субсидия да бөлініп отыр. Шаруалар тұқым мен тыңайтқыштар, минералдар мен уға кеткен шығынның жартысына дейін кейін қайтара алады.

Өзгелердің жаңалығы