Ақтөбеде Хериот-Уотт университетінің  филиалы ашылады

3 Қараша 2022, 11:40
881
Бөлісу:
Ақтөбеде Хериот-Уотт университетінің  филиалы ашылады

Ақтөбеде әлемнің жетекші университеттерінің бірі Хериот-Уотт университетінің  (Heriot-Watt University) филиалы ашылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов әлемнің жетекші университеттерінің бірі Хериот-Уотт университетінің өкілдерімен кездесті. Тараптар Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Хериот-Уотт университетінің ынтымақтастық аясындағы жұмыстар барысын талқылады. 

Бұл кездесу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жоғары білім беру жүйесін экономиканың сұраныстарына қайта форматтау жөніндегі, оның ішінде елімізде шетелдік беделді техникалық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасы аясында өтті.  

Атап өту керек, Хериот-Уотт университеті  (Heriot-Watt University) математика, химия инженериясы, құрылыс, электр техникасы және мұнай-газ ісі пәндері бойынша әлемдік QS рейтингінде үздік 200 университеттің қатарына кіреді. 

Жоғары оқу орындары арасындағы серіктестік отандық техникалық және  IT-мамандарды бірлесе даярлауға бағытталған. Келісім бойынша Хериот-Уотт университеті Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасында үш бакалавриат деңгейіндегі білім беру бағдарламасын — «Мұнай-газ ісі», «Электроэнергетика», «Компьютерлік инженерия», сондай-ақ «Өнеркәсіп менеджменті» мамандығы бойынша магистратура бағдарламасын ашады деп жоспарлануда. Аталған мамандықтар өңірдің қажеттіліктеріне байланысты таңдалып отыр. 

Оқуды аяқтаған студенттерге Хериот-Уотт университетімен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің қос дипломы беріледі. Академиялық ұтқырлық бағдарламалары белсенді дамитын болады. Екі университет арасындағы стратегиялық серіктестік сәтті жүзеге асқан жағдайда, талапкерлер, өзге өңірлерден де келесі оқу жылынан қабылдана бастайды. 

Кездесу барысында Heriot-Watt University филиалы базасында облыстың IT-хабын құру мәселелерінде ынтымақтастық туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жергілікті атқарушы органдар аталған жобаларды іске асыруда жан-жақты қолдау көрсететінін айтты. 

Өзгелердің жаңалығы