Ақтөбеде газ тапшы ма?

24 Қараша 2022, 14:40
1183
Бөлісу:
Ақтөбеде газ тапшы ма?

Ақтөбе қаласында кейбір жанармай құю бекеттерінде газ тек талонмен берілуіне байланысты кезек пайда болды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Облыс орталығындағы газ құю бекеттерінің бірінде кезекте тұрған такси жүргізушісімен тілдескен едік, ол былай деп шағымын айтты.

Соңғы кезде айдың аяғына таман қалада газ тек талонмен беріліп жүр. Ал талоны жоқ біз сияқты жүргізушілер не істеу керек? Амал жоқ, қаланы шарлап газ табуға тырысамыз. Кейде газ таппай, бензин құямыз. Онда да бензиннің бағасы 173-175 теңгеден түспей тұр. Біз сияқты такси жүргізушілеріне газ құйған пайдалы. Осы мәселені жауапты басшылар ретке келтірсе екен, - деді ол.

Бұл мәселеге байланысты Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұртай Сертаев жауап берді. 

Оның айтуынша, Ақтөбе облысында бүгінде 10 газ толтыру стансасы, 192 газ құю бекеті жұмыс істейді. Қазіргі таңда қала аумағында газ тапшылығы жоқ. 

Ақтөбе облысында газ өндіретін үш зауыт бар. Олар: «ҚазақОйлАқтөбе», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамдары мен «Gas Processing Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Биыл қараша айына облыс бойынша 12 106 тонна газ бөлінді. Ал газ тапшылығын болдырмау үшін осы айдың басында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы тағы 1008 тонна бөлді.  Алдағы уақытта қосымша 1512 тонна сұйытылған газ бөлу күтілуде. Сонымен қараша айына жалпы көлемі 14 626 тонна газ қарстырылып отыр. Одан бөлек өңірдегі бірқатар газ толтыру стансасында газ қоры сақталған.  Қазір кей бекеттерде газ бітуі мүмкін, бірақ олар қаладағы мекемелер арасындағы өзара келісімшартқа байланысты талонмен береді, -дейді ол.

Айта кету керек, жуырда облыстық мәслихат депутаттары комиссия отырысында облыстағы газ тапшылығы мәселесін қараған болатын. Олар бұл мәселенің негізгі себебі газ құю және газ толтыру стансалары арасында газды әділетсіз бөлу деректері бар екендігін анықтады.
 

Өзгелердің жаңалығы