Ақтөбеде «GAP» деп аталатын қаржы пирамидасы анықталды

19 Сәуір 2022, 14:19
1339
Бөлісу:
Ақтөбеде «GAP» деп аталатын қаржы пирамидасы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қаржы мониторингі агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері «GAP» деп аталатын қаржы пирамидасын ұйымдастыру фактісін анықтады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.

ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы 1-бөлігі «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұйымдастырушылар өздерін «GAP» тұтыну кооперативі ретінде танытып, тұрғындарға ақшаларын жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алуға салуды ұсынғаны анықталды. Ол үшін кезекке тұру мақсатында тұрғын үйдің немесе автокөлік құнының 10%-ы бастапқы жарнаны төлеу қажет болды. Осылайша, ұйымдастырушылар қаржы пирамидасына активтерді тартуды қамтамасыз етті. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - делінген хабарламада.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша аумақтық департаменті азаматтарға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 150-бабы және Қылмыстық кодексінің 217-бабына сәйкес, қаржылық пирамидаларды жарнамалау және ұйымдастыру үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік көзделгенін ескертеді. 

Құрметті азаматтар, егер сіз немесе сіздің достарыңыз бен туыстарыңыз қаржылық пирамидаға тап болса, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарласып, сенім телефондарына қоңырау шалуға немесе әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларға жазуыңызға болады, - деді ҚМА баспасөз қызметі.

Өзгелердің жаңалығы