Ақтөбеде екі айда 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

1 Наурыз 2023, 19:58
1391
Бөлісу:
Ақтөбеде екі айда 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді
Фото: автордан

Ақтөбе облысында жыл басынан бері 51 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан  64 тұрғын зардап шекті, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы жол қозғалысын бақылауды ұйымдастыру бөлімшесінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция капитаны Асылхан Бекбосыновтың айтуынша, биыл екі ай ішінде өңірде 51 жол-көлік оқиғасы тіркеліп отыр. Өткен жылы дәл осындай кезеңде облыс аумағында 63 жол апаты болған. Салдарынан 101 адам зардап шеккен.

Қазір жол-көлік оқиғалары республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда көп тіркеліп отыр. Осы орайда полиция департаменті жол апатының алдын алу мақсатында әр түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Мәселен, биыл бізге бес «Автоураган» жылжымалы кешені берілді. Бұл кешеннің ерекшелігі — жол бойында ереже бұзған көліктерді тоқтатпай, автоматты түрде камераға түсіріп алады. Егер жылдамдықты асырсаңыз, сервер арқылы сіздің мекенжайыңызға немесе ұялы телефоныңызға хабарламалар жіберіледі. Қазір осы кешеннің көмегімен республикалық, облыстық маңызы бар жолдарда болатын бірқатар заңбұзушылықтың алдын алып жатырмыз. Мәселен, Хромтау автокөлік жолының бойында полиция қызметкерлері дронды пайдаланып, жол-көлік ережесін бұзғандарды анықтады. Қазір бұл жерлерде заңбұзушылықтар азайды, - дейді ол.

Аға инспектордың айтуынша, биыл жыл басынан бері полиция департаментінің мамандары Темір, Байғанин, Мұғалжар аудандары такси жүргізушілеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Себебі былтыр осы аудандарға барар жолда жол апаты көп тіркелген. 

Өткен аптада «Қауіпсіз жол» акциясының нәтижесінде облыста 15 мың құқық бұзушылықтың алдын алдық. Оның ішінде көлікті мас күйінде басқарған 71 адам, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 600 адам, көлік құралын құжатсыз жүргізген 58 тұрғын ұсталды. Заң бұзған азаматтар 20 тәулікке дейін қамаққа алынады немесе айыппұл төлейді. Сондай-ақ профилактикалық шаралар кезінде жол ережесін бұзған 2 мың жаяу жүргіншіге шара қолданды, - дейді ол.

Айта кету керек, Ақтөбе облысында 10-14 ақпан аралығында «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық шарасы өтсе, 20-24 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» акциясы ұйымдастырылды. 

Ақтөбеде екі айда 50-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелді

21 ақпанда облыстағы «Ақтөбе-Астрахань» автожолының 90-шақырымында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында жол қозғалысы ережесін бұзған «Audi-80» автокөлігі тоқтатылды. Көлікті басқарған 35 жастағы тұрғын бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған, сонымен қатар ол көлік құралын есірткі қолданып жүргізген. Қазір бұл жүргізушіге заң бұзғаны үшін шара қолдануда. Міне, осындай мысалдар көп. Түптеп келгенде, мұндай заңбұзушылықтар жол апатына әкеп соқтырады. Сондықтан біз барша қазақстандықты жолда абай болып, жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырамыз, — дейді полиция капитаны.

Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-патрульдік полиция қызметкерлері қарқынды жұмыс істеп, алдын алу шараларын жүргізуде.

Өзгелердің жаңалығы