Ақтөбеде ауыл шаруашылығы саласына мамандар жетіспейді

27 Қыркүйек 2020, 01:00
2165
Бөлісу:
Ақтөбеде ауыл шаруашылығы саласына мамандар жетіспейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығы саласына қазірдің өзінде 300-ден астам жұмысшы қажет. Бұл мәселені шешу үшін жұмысшы кадр дайындайтын колледжге қожалықтар мен кәсіпорындардың кепілдігі керек. Яғни, олар оқуға түсетін жастарды міндетті түрде еңбекпен қамтуы тиіс.

«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, Ермек Жұмағазин атты азаматтың шаруашылыққа қажетті мамандар іздеп жүргеніне бірнеше ай болған. Оның айтуынша, кейбір су жаңа техниканы жүргізетін адам болмай тұр. Негізінен механизатор және жүк көлігі мен тракторға жүргізушілер қажет. Жыл өткен сайын егіс алқабын ұлғайтып, ғылыми жолмен сапалы тұқым дайындайтын серіктестікке бұл мәселе расымен де кедергі келтіріп отыр.

Жақсы мамандар кезінде мұнай, құрылыс секторына кетіп қалды. Сол жақта табыстары бізге, ауыл шаруашылыққа қарағанда биіктеу. Жастарға популяризация істеу керек. Сосын курстар оқытып, корочкаларын алатын болса, онда олар келіп, бізге жұмысқа тұра алатын еді, - дейді Ермек Жұмағазин.

Бүгінде өңірдің еңбек нарығында 320-дан астам ауыл шаруашылық маманына сұраныс бар. Атап айтқанда, тракторшы, агроном, механик, мал дәрігері, малшы және сауыншы қажет. Қожалықтар мен өңдеу кәсіпорындарының өкілдері жұмысшы кадр іздеп, облыстағы жалғыз колледжге жиі келеді. Алайда, оқу орнының сұранысты бірден өтеуге мүмкіндігі жоқ. Себебі, алдымен жұмыс беруші маманды тұрақты еңбекпен қамтуға кепілдік беруі тиіс.

Біз сұраныс жинаймыз. Бір группада 25 бала болғанда ғана группа ашылады. Сол группаны апарып, облОНОға көрсетеміз. Оны «Атамекенге» береді. «Атамекен» жұмыс берушілермен қарайды. «Ертең ана балалар далада қалмай ма?», «сендер аласыңдар ма?» деген мәселелер көтереді. Үшеуміз қарағаннан кейін бала оқуға алынады. Беталды келіп, қазір бала алынбайды. Бұл – таза мемлекеттің саясаты және өте дұрыс саясат деп ойлаймын, - дейді ауылшаруашылық колледжінің директоры Амангелді Есіркепов.

Жергілікті билік өкілдері де бұл мәселені шешу алдымен сұранысты түзумен басталатынын айтады. Өйткені, білім алып шыққан маман алдағы уақытта жұмыссыз қалмауы тиіс дейді. Ал қазір қажеттілік туған кадр тапшылығын жою үшін Қобда, Байғанин және Хромтау аудандарында қысқа мерзімді курстар ашылған. Оны бітірген 90-нан астам адам бірден жұмыспен қамтылмақ.

Жұмыс берушілердің өтінішіне сәйкес, мамандарды нақты мақсатты бағытта дайындап, ертең ол кісілердің жұмысқа орналасуын бақылау ең бірінші кезекте тұрған мәселе болып отыр. Сондықтан бұл жергілікті атқарушы органның ғана емес, жұмыс берушілердің де жауапкершілігін күшейту болып табылады, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова.

Мамандардың жетіспеушілігін жою үшін «Еңбек» бағдарламасы аясында тиісті шаралар қолға алынған. Десек те, өңірге қазірдің өзінде 300-ден астам жұмысшы маман қажет.

Өзгелердің жаңалығы