Ақтөбе облысында өзге ұлт арасында мемлекеттік тілді үйренушілердің саны артып келеді, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Маржан Жанасованың айтуынша, бүгінде облыста мемлекеттік тілді жетік меңгергендердің үлесі тұрақты түрде өсіп келеді. Мәселен, өткен жылдың 12 айында 1530 ақтөбелік мемлекеттік тілді, 303 адам ағылшын тілін оқыған. Олардың ішінде 612 адам, яғни мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысушылардың 40 пайызы — өзге ұлт өкілдері.
Бүгінде қазақ тілін үйренушілерге мүмкіндік мол. Өз бетімен тіл үйренемін деушілерге қашықтан оқыту жүйесі жұмыс жасайды. Тұрғындар til-aktobe.kz сайтына тіркелу арқылы қазақ тілін әр түрлі деңгейлер бойынша үйрене алады. Өңірдегі тілдерді оқыту орталығы тек оқытумен шектелмей, оқытушылардың мемлекеттік қызметшілердің тілдік мәдениетін, көпшілік алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеу қабілетін жетілдіру мақсатында шаралар ұйымдастырады. Былтыр осы мақсатта бірқатар оқу құралдары, тілашарлар шығарылды, әлеуметтік желілерде телесабақтар циклы ұсынылды. Тілдерді оқыту орталығының тілдік курстары Ақтөбе қаласында ғана емес, орыс тілді орта қалыптасқан Қарғалы, Хромтау, Мәртөк аудандарында жұмыс істейді, — дейді Маржан Жанасова.
Оның айтуынша, былтыр облыста тұратын этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқытуға мемлекеттік қолдау көрсетілген. Атап айтсақ, этномәдени орталықтар жанындағы жексенбілік мектептер арқылы украин, кәріс, татар, башқұрт ұлтының өкілдеріне ана тілдерімен бірге мемлекеттік тілді оқыту курстары өткізілген. Оқудан бөлек, жексенбілік мектептердің оқытушылары үшін семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, ашық алаңдар мен тілдік байқаулар ұйымдастырылған.
Қазақ тілінің қолданысын кеңейту мақсатында өткен жылы облыста «Ана тілі әлемі» халықаралық тіл апталығы ұйымдастырылды. Ресей мемлекетінің Орынбор, Орск, Челябинск өңірлерінен келген қандастарымыз ана тілін үйреніп, Ақтөбенің тарихи жерлерін аралады, өлке тарихымен танысты. Ал ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы мен Қазақстан халқы тілдер күні мерекесіне орай ғалымдар, қоғам белсенділері және тіл жанашырларының қатысуымен «Тіл — халық қазынасы» атты республикалық конференция өткізілді. Сондай-ақ былтыр Ақтөбе өңірінде ономастика саласындағы жұмыстар жолға қойылды. Бүгінде елді мекендер мен көшелердің 66 пайызы дәстүрлі топонимдер болса, 32,2 пайызы — тарихи тұлғалардың есімдері. Сондай-ақ былтыр Ақтөбе қаласы бойынша атауы жоқ бес көшеге, екі шағын ауданға, 11 тұрғын үй алабына, атауы қайталанған бес көшеге атау берілді. Одан бөлек, облыс орталығындағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназияға Ахмет Байтұрсынұлының, Новый орта мектеп-лицейіне Қаныш Сәтбаевтың, №60 орта мектепке Дінмұхаммед Қонаевтың және Байғанин ауданында №4 Қарауылкелді орта мектебіне Қажығали Мұханбетқалиұлының есімі берілді. Сонымен қатар идеологиялық тұрғыдан ескірген ҚазССР-дің 30 жылдығы және Надежда Крупская есімдерімен аталған мектептерге Ащысай, Шеңгелши атауы берілді, — дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Былтыр облыста ономастика саласындағы қордаланған мәселелерді талқылау, сондай-ақ тәжірибе алмасу мақсатында «Ономастика: ұлттық танымға бетбұрыс» атты өңіраралық іс-шара өткізілді. Шара барысында жұмыс жоспарымен қатар идеологиялық тұрғыдан ескірген, қайталанатын атауларды талдау, елді мекендердегі нысан атауларын сәйкестендіру, облыстық ономастика комиссиясы қарауына ұсыныстар енгізудің заңнамалық тәртібі және атау беру талаптары, критерийлердің сақталуы секілді бірқатар өзекті мәселелер қаралған. Бүгінге дейін ономастика саласын ғылыми қамтамасыз ету мақсатында 30-дан астам энциклопедиялық анықтамалық, топонимикалық және антропонимдік сөздік және ғылыми-зерттеу, картографиялық еңбектер, әдістемелік жинақтар, атластар әзірленіп шығарылған. Ұзақ мерзімді «Туған өлке», «Атаулар сыр шертеді» атты бірегей жобалар да жүзеге асырылған. Басқарма сондай-ақ «Мекенжайлық тіркелім» ақпараттық жүйесінде топонимикалық сөздік те жүргізіп отырады.
Өткен жылы басқарма тарапынан жарнама мен көрнекі ақпараттарда «Тіл туралы» заңнаманың сақталуына қатысты арнайы мониторинг жүргізілді. Біз «Мемлекеттік тіл – тірегім» ерікті топ мүшелерімен, қоғам белсенділерімен, қоғамдық ұйым өкілдерімен, тіл жанашырларымен бірге кәсіпкерлік нысандарда «Тіл туралы» Заңның 21-бабының сақталуы бойынша ақпараттандыру-түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Түсіндіру жұмыстары барысында 39 сауда үйіне, 41 жабық базарға, 73 салонға, 33 спорт мекемесіне, 79 мейрамханаға, 52 дәмханаға, 54 дәріханаға, 19 нотариустық кеңсеге, 43 көлік жуу орнына, 87 азық-түлік және киім дүкенінің көрнекі ақпарат мәтіндерінің, деректемелердің тілдік нормаларға сай, сауатты мазмұнды рәсімделуіне әдістемелік көмек көрсетілді. Мониторинг барысында 947 көрнекі ақпарат мәтіні сараланып, оның 269-ынан заңбұзушылық анықталды, — дейді Маржан Жанасова.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады. Жыл басынан бері көшелер мен шағын аудандарға есімдер беру мақсатында комиссия құрылып, қазір басқарма қызметкерлері жұмыстанып жатыр.