Ақтөбеде Халықаралық жастар күніне орай «Жастар. Жігер. Болашақ» бос жұмыс орындары жәрмеңкесі болды. Іс-шараны Ақтөбе облысының Еңбек мобильділігі орталығы «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырды. Жәрмеңке «Keruen City» сауда ойын-сауық орталығының 3-қабатында өтті.
Іс-шараға 20-ға жуық ұйым мен кәсіпорын қатысып, жұмыс іздеушілерге 150-ден астам өзекті бос жұмыс орнын ұсынды. Қатысушылар жұмыс берушілердің ұсыныстарымен танысып, тікелей сұхбаттасудан өтіп, жұмысқа орналасу және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алды.
Жәрмеңкеде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары ұсынылды. Атап айтқанда, фельдшерлерге, арнайы техника жүргізушілеріне, іс жүргізушілерге, ағылшын тілі, математика және химия пәндерінің мұғалімдеріне, наубайшыларға, сондай-ақ басқа да мамандар мен жұмысшы кәсіптеріне сұраныс бар.
Жастарға алғашқы жұмыс тәжірибесін алуға мүмкіндік
Іс-шара барысында жас мамандар мен жоғары және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының түлектеріне ерекше көңіл бөлінді. Мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін жастарға «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысу мүмкіндігі туралы ақпарат берілді.
Жәрмеңке жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыруға, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнатуға, сондай-ақ азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталды.
Бұл ретте заңды әрі тұрақты жұмыспен қамтуды арттыру, азаматтардың еңбек құқықтарын сақтау және жастарға кәсіби тұрғыдан дамуға мүмкіндік беру «Заң мен тәртіп» қағидатының маңызды бағыттарымен сабақтас. Ресми жұмысқа орналасу азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етіп, тұрақты табысқа қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Enbek.kz порталында 2 мыңнан астам вакансия бар
Ақтөбе облысындағы жұмыс берушілердің өзекті бос жұмыс орындары Enbek.kz электрондық еңбек биржасында орналастырылған. Бүгінде порталда өңір бойынша 2 000-нан астам бос жұмыс орны бар.
Кадрларға сұраныс жоғары негізгі бағыттардың қатарында өндіріс және өнеркәсіп, білім беру және тәрбие, сауда және қызмет көрсету, көлік және логистика, құрылыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер, күзет және қауіпсіздік, ауыл шаруашылығы салалары бар.
Жұмысқа орналасу, жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау шараларына қатысу және кеңес алу мәселелері бойынша азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына жүгіне алады.