Ақтөбеде 100-ден астам адам баспанасыз қалып отыр

18 Шілде 2023, 19:05
1287
Бөлісу:
Ақтөбеде 100-ден астам адам баспанасыз қалып отыр
Фото: автордан

Ақтөбеде үй алуға ақша салған үлескерлер баспанасыз қалды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Ақтөбе қаласында қазір жаңа үйлер бой көтеріп жатқан «Батыс-2» ауданы бар. Осы аудандағы «Safina.kz» тұрғын үй кешеніне 2019-2021 жылдар аралығында 100-ден астам адам қаржы салған. Алдын ала жоспарға сәйкес өткен жылы тұрғын үй кешені пайдалануға берілуге тиіс еді. Алайда бір жылдан астам уақыт өтсе де құрылыс жұмыстары әлі аяқталмай отыр.

Аталған тұрғын үй кешенінен пәтер алуға қаржы салғандардың бірі Қамарсұлу Жанұзақованың айтуынша, 100-ден астам адам 2022 жылы баспаналы болып, қоныс тойын тойлауы керек еді. Міне, жылдан астам уақыт өтті, ал үй құрылысы аяқталмай отыр. Тіпті, қазір тұрғын үй кешеніне жауапты компанияның директоры істі болып, тергеуде отыр екен. Ал осы компаниядан кейін үйдің құрылысы үшін жауапкершілікті мойнына алған «АқтөбеКазахФинанс» ЖШС басшысы Абат Жарасханов та уәдесін орындамаған.

Мен бұл тұрғын үй кешенінен 3 бөлмелі пәтер алу үшін 6 миллион теңге салдым. Жалпы пәтердің құны — 10 миллион 900 мың теңге. Мен қаржымды «Сбербанк» акционерлік қоғамы арқылы салған болатынмын. Біз тіпті үй жобасын түгел қарамай, соларға сенгенбіз. Міне, ақырында баспанасыз қалып отырмыз. «Safina.kz» кооперативінің басшысы үй құрылысын аяқтамай, дау шыққан соң, бұл істі былтыр «АқтөбеКазахФинанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз мойнына алған. Тұрғындар болып құрылысты аяқтау үшін осы серіктестікке тағы да қаржы жинадық. Бұл серіктестік бізбен үш жақты келісімшарт жасасқан болатын. Кейін білгеніміздей, бұл компания инвестор емес, құрылыс материалдарын тасымалдаушы мердігер ұйым екен. Енді, міне, үй-күйсіз қалып отырмыз. Осылай жүргенде ертең күз де келеді. Күн салқындаса біз қайда барып тұрамыз? - дейді үлескер.

Қамарсұлу Жанұзақоваға «Safina.kz» кооперативінің басшысы тұрғын үйге салған 6 млн теңгесін есептеп, 12 шағын ауданынан бір бөлмелі үй беріпті. Алайда біршама уақыт өткен соң ол үйден шығуға мәжбүр болған. Себебі берген үйі басқа біреулердің атына жазылған екен. Енді компанияға сеніп, ақыры баспанасыз қалып отырған ол не істерін білмей дал болып жүргенін айтады. 

Менің талабым - не үйді, не қаржымды қайтарып берсін, - дейді ол.

Осы тұрғын үй кешеніне қаржы салғандардың бірі - ақтөбелік Ақмарал Сарипова. Ол 2021 жылы 6 қабатты тұрғын үйдің 3-корпусынан екі бөлмелі үй алуға 9 миллион 200 мың теңге қаражат салған. Үлескер тұрғын үйдің бір шаршы метрін 120 мың теңгеге сатып алғанын айтады. Содан бері баспанасын күтіп жүр.

Екі компанияға да сеніп, ақшамызды бердік. Қазір мен пәтер құнының 100 пайызын төлеп отырмын. Баспанамды 6 айдан кейін алуым керек еді, міне, 2,5 жыл болды үй-күйсіз жүрмін. Былтыр бұл мәселеге қатысты дау туындағанда біз облыс әкімдігіне шағым айтқанбыз. Алайда қаншама уақыт өтсе де жауапты тұлғалар мәселені шешуге құлықсыз болып отыр. Бізге баспана мәселесін шешіп берсе екен, басқа сұрайтынымыз жоқ, - дейді Ақмарал.

Жуырда Қамарсұлу Жанұзақова бастаған бір топ үлескер Ақтөбе облысы әкімдігіне барып, жауапты тұлғалардан осы мәселені шешіп беруін сұрап, өз талаптарын жеткізген. Алайда әлі күнге дейін жабулы қазан жабулы күйінде қалып отыр.

Осы мәселеге қатысты біз облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровқа хабарласқан едік. Ол «Safina.kz» тұрғын үй кешенінің «жыры» жуық арада бітпейтінін жеткізді.

Бүгінде «Safina.kz» кооперативінің басшысы Бауыржан Каримов осы іс бойынша тергеліп жатыр. Негізі бұл компания Ақтөбе қаласы бойынша екі шағын ауданда, атап айтсақ, 12 шағын ауданда, сондай-ақ Батыс-2 шағын ауданында екі корпусты үй салып жатыр. Өкінішке қарай, барлық құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Қазір Батыс-2 шағын ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі бір корпустың (үшінші корпус) үш подъезі салынып тұр, енді төртінші подъездін салу керек. Оны аз уақыттың ішінде салып бітіруге болады. Ал 4-корпустың мәселесі бойынша біз үлескерлермен кездесіп, сөйлестік. Бұл мәселе бойынша шешімді біз соттың шешімінен кейін ғана қабылдаймыз. Алдағы уақытта сот процесі жүргізіледі. Біз үлескерлерге өзара келісіп, тұрғын үй кооперативін құруға ұсыныс жасадық. Кооператив құрылса, біз өз тарапымыздан құрылыс компаниясын тауып береміз. Осылайша 3-корпустың құрылысы жыл аяғына дейін аяқталатын болады. Ал қалған корпустың мәселесі соттың шешімінен кейін ғана белгілі болады, - дейді ол.

Басқарма басшысының айтуынша, қазір «АқтөбеКазахФинанс» ЖШС басшысы Абат Жарасханов та халықтан жинаған қаржысы үшін құқық қорғау органдары алдында есеп беріп жатыр екен. Оның бұл іс бойынша жауапқа тартылатыны-тартылмайтыны белгісіз.

Қысқасы, 100-ден астам адамнан ақша жинаған құрылыс компанияларының басшылары қазір тергеуге алынған. Облыс әкімдігі сот шешіміне қарап отыр. Ал қарапайым тұрғындардың күтуден басқа амалы жоқ.

3-корпустың құрылысын аяқтап беруге тырысамыз. Ең бастысы, үлескерлер тұрғын үй кооперативін құрса дейміз, қазір бұған тұрғындар келісіп отыр, - дейді Нағымжан Алдияров.

Зерттеп білгеніміздей, кооператив әлі құрылмаған. Үлескерлер қазір бұл бағытта бірігіп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы