Ақтөбе және Орынбор облыстары ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойды

28 Қараша 2022, 00:20
564
Бөлісу:
Ақтөбе және Орынбор облыстары ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойды

Орынборда екі мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің XVIII өңіраралық ынтымақтастық форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Форумның пленарлық отырысы аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен Орынбор облысының губернаторы Денис Паслер қатысушыларды екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі, инвестициялық әлеуеті және қазіргі өзекті мәселелер туралы хабардар етті.   Алқалы жиын соңында өңір басшылары ҚР Ақтөбе облысының әкімдігі мен РФ Орынбор облысының үкіметі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени және гуманитарлық ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойды.   

Экономикалық сын-қатерлер, әлеуметтік шындықтар жаңа, өзекті шешімдерді талап етеді. Біз қазіргі заманғы үрдістермен белгіленген бағыттарда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа векторын, өзара мүдделі салаларды кеңейту және дамыту мақсатында Жол картасын қабылдау туралы шешім қабылданды. Құжат өңірлеріміздің экономикасын дамытуға қосымша серпін беріп, алға қойылған міндеттерді тез арада шешуге мүмкіндік беретініне сенімдімін, - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.   

Жол картасы ынтымақтастықтың 13 бағыты бойынша шараларды жүзеге асыруды көздейді. Осылайша, тараптар «Сағаршын-Жайсаң» бақылау-өткізу пункті жолдарының шекара маңындағы учаскелерін кеңейту мен реконструкциялауға, бекеттердегі өткізу қабілетін арттыруға, екі өңірдің өнеркәсіптік кәсіпорындарының әріптестігін нығайтуға, сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту және экономиканың түрлі салаларында кооперациялық байланыстарды күшейту мақсатында экономикалық миссиялармен алмасуға бағытталған күш-жігерді біріктіруді жоспарлап отыр.   Өнеркәсіп және кәсіпкерлік салалары бойынша Ақтөбе және Орынбор облыстарының тауар өндірушілеріне қатысты өзара жеткізу көлемін ұлғайту, бірлескен өндірістік алаңдар құру жөнінде шаралар қабылданады.   

Бұдан өзге, ауыл шаруашылығы шикізатын терең қайта өңдейтін бірлескен өндірістер құру, экспорт, медициналық ұйымдар арасында байланыс орнату, халықты жұмыспен қамтуға көмектесу, еңбек қатынастары мәселелері бойынша проблемаларды шешу, мүмкіндіктері шектеулі жандарға қолайлы орта құру және дамыту жөніндегі тәжірибені зерделеу бойынша жұмыстар жасау жоспарланып отыр.   Құжатта мәдени іс-шаралар ұйымдастыру, оның ішінде Ақтөбеде Орынбор облысында, Орынборда Ақтөбе облысының күндерін өткізу және т.б. жеке тармақта көрсетіліп, жазылған.   Жалпы форум аясында 7 өңіраралық және 10 коммерциялық мақсатты көздейтін барлығы 17 құжатқа қол қойылды. 

Өзгелердің жаңалығы