Ақтөбе тұрғыны алаяққа сеніп, қаржысынан айырылды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылдың 11 қаңтарында қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. 2022 жылдың желтоқсан айында бейтаныс әйел жәбірленушіге мұнай кәсіпорындарының біріне жұмысқа орналасуға көмектесетінін айтқан. Сонымен қатар ол жұмысқа қабылдау кезінде кез-келген мәселелерді шешуге көмектесетін таныстары барын айтқан. Жәбірленуші күдіктіге делдалдық қызметі үшін 200 мың теңге берген. Ақшаны алған әйел хабарсыз кеткен.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 33 жастағы ақтөбелікті анықтап, ұстады.
Осы факті бойынша ҚК 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полицейлер күдіктінің басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар екенін анықтап жатыр.
Ақтөбе облысының полицейлері азаматтарға бейтаныс адамдарға тым сенімділік танытпауға және сыйақы үшін күмәнді қызметтер ұсынатын алаяқтардың айла-амалдарының құрбаны болмауға кеңес береді.