Ақтөбе облысында былтыр суға түсу маусымы кезінде 13 адам көз жұмды. Биыл осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында ТЖД мамандары қызу дайындалып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Иса Байтұрсыновтың айтуынша, биыл облыстағы су айдындарында демалыс орындарын ұйымдастыруға 64 орын бекітілген. Осы аптадан бастап ТЖД мамандары жағажайлардағы су түбін тексеріп жатыр.
Қазіргі уақытта Қарғалы, Хромтау, Әйтеке би, Темір, Байғанин аудандарында жалпы саны 26 орын тексерілген. Оның 11-іне рұқсат берілген.
Қалған аудандарда тексеру жұмыстары жалғасуда.
Облыс аумағында суға түсуге тыйым салынған 206 орын анықталып, былтыр 321 тыйым салу белгісі орнатылды. Биыл 20-21 мамырда жағажайларда жұмыс жасайтын жасақшы құтқарушылар оқытылады. Сондай-ақ жазғы кезеңде қауіпсіздікті ұйымдастыру үшін облыстың су айдындарына 367 адам тартылады. Олардың 142-сі — төтенше жағдайлар департаменті қызметкері, 30-ы — әскери қызметші, 135-і — жергілікті полиция қызметкері, 60-ы — ерікті.
Қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша су айдындарына 33 бақылау камерасы орнатылды. Сонымен қатар биыл жазда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 85 қаңқалы модульдік бассейін жұмыс жасайды, ол жерде балалар жүзуге үйренеді, - дейді ол.
Айта кету керек, Ақтөбе облысында 2023 жылы 11 адам, 2024 жылы 13 тұрғын суға кетіп қалды. Былтыр көз жұмғандардың алтауы — бала. 13 адамның 8-і тыйым салынған аймақта, бесеуі рұқсат етілген орындарда көз жұмған.
Сондай-ақ өткен жылы облыста 60 демалыс орны жұмыс істеді. Оның 23-і — Ақтөбе қаласында, 37-сі аудандарда орналасқан. 60 демалыс орнының 25-і — коммерциялық, 35-і — коммуналдық.