Ақтөбе облысының автожолдарында 23 адам құтқарылды

16 Сәуір 2023, 14:58
683
Бөлісу:
Ақтөбе облысының автожолдарында 23 адам құтқарылды
Фото: gov.kz

Өткен тәулікте ауа райының қолайсыздығына, жүк және жолаушылар көлігі үшін жол қозғалысының шектелуіне байланысты Ақтөбе облысы ТЖД құтқарушылары 23 адамды эвакуациялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі хабарлағандай, өңірде дауылды ескерту жарияланған.

15 сәуірде 112 пультіне Хромтау ауданы Самара-Шымкент автожолының 820 шақырымында жолаушылары бар автомобиль жолдан шығып кетіп, эвакуациялау қажет екендігі туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде Хромтау ауданының құтқарушылары мен жол талғамайтын ТРЭКОЛ құтқару техникасы жіберілді. Авариялық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде 20 адам, оның ішінде 3 бала құтқарылып, Хромтау қаласы мен Ақжар ауданына жеткізілді, - деп жазылған баспасөз хабарламасында.

Сол күні сағат 23:50-де Мұғалжар ауданы Еңбек ауылдық округінің Сағашиілі ауылының аумағында зақымдалған жеңіл автокөліктен адамдарды эвакуациялау қажеттігі туралы хабарлама келіп түсті. Авариялық-құтқару жұмыстарының нәтижесінде Мұғалжар ауданының құтқарушылары 3 адамды құтқарып, Қандыағаш қаласына жеткізді.

Ақтөбе облысының ТЖ департаменті азаматтарға ауа-райының өзгеруін қадағалауды, ауа-райының нашарлауы және автожолдарда автокөлік қозғалысына шектеулер енгізу кезінде жолға шықпауға кеңес береді.

Видео: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы